$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Батыс қазақстандық ТЖ қызметі оқыс жағдайларға аса дайын емес

AstanaTV
26.02.2015ж. 20:00
1160
Батыс қазақстандық ТЖ қызметі оқыс жағдайларға аса дайын емес

Батыс қазақстандық құтқарушылар оқыс жағдайларға дайын болмай шықты. Абырой болғанда, әзірге судан қатер төніп тұрған жоқ. Десе де, аймақ тұрғындары көктем шыға, тасқынға тап болып жататыны белгілі. Көктемгі жұмыстарды пысықтаған жиында облыстың бас құтқарушысы Марат Көлдіков мүмкіндік шектеулі екенін айтып, шағымданды.

Оның сөзінше, азаматтық қорғаныс ісіне мән бермейтін жергілікті атқамінерлер мамандарды оқуға да жібермейді. Жылдамдығы төмен интернет жүйкесін жұқартқан төтеншеліктер компьютерлерінің ескіргенін айтады. Бұл аздай, оқыс жағдай кезінде облыс аумағын түгел қамтитын сымсыз байланыс құралы жоқ. «Рацияның сигналын күшейтетін мұндай құрылғының құны 1,5 миллион теңге тұрады»,- деді құтқарушылар.

Марат Көлдіков, Батыс Қазақстан облысы ТЖД басшысы:

Қазір облыста мұндай ретранслятор атымен жоқ. Тіпті іргедегі Зеленов ауданымен де байланыс нашар. Әбден ескірген құрал-жабдықтардың сын сағатта істен шығуы да ғажап емес. Ал аудандық төтенше жағдай бөлімдері жол талғамайтын жүрдек көлікпен қамтамасыз етілмеген.

Өз мұңын осылай шаққан бас құтқарушы, жоғын түгендеуге қанша қаражат керек екенін дөп басып айта алмады. Құр сөзден гөрі нақты ұсыныс керектігін ескерткен Нұрлан Ноғаев қалалық әкімдікті сынға алды. Тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлген кезде жер бедерінің ерекшелігін ұмытпауды ескертті. Өйткені ойпатта салынған үйлер күн жылына суға кетіп жатады.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Қала іргесіндегі ауылдарды жыл сайын су басады, өйткені мұндағы үйлер сай-салада орналасқан. Сенбесеңіздер - ауылдарды аралап, жағдаймен танысыңыздар. Біз оның орнына белшеден су кешкен тұрғындарды құтқарып, үлкен іс тындырғандай боламыз. Сай-саладан жер беруді тоқтату керек.

Еркін КАРИН