$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ғани Қасымов: Балконнан ту желбіреткен жігітті жазаламай, керісінше марапаттау керек

AstanaTV
02.03.2015ж. 20:00
1438
Ғани Қасымов: Балконнан ту желбіреткен жігітті жазаламай, керісінше марапаттау керек

Астанада балконынан көк байрақты желбіретіп, басы дауға қалған азаматты жазаламай, керісінше марапаттау керек. Әлеуметтік желі белсенділері ғана емес, бұрынғы сенатор Ғани Қасымов та осындай пікірде. Астанада өткен қоғамдық кеңестен соң ту оқиғасына қатысты ойын білдірген саясаткер белсенді азаматқа салынған қомақты айыппұлға қарсы екенін айтты. «Қажет болса, заңға өзгеріс енгізу керек», - деді Қасымов.

Ғани Қасымов, «Атамекен» ҰКП ҚР Парламенті Сенатындағы өкілі:

Біздің Гена Головкиннің жеңісіне қуанып, мемлекеттік туды іліп қойған жігітке салынған 400 мың теңге көлеміндегі айыппұлды айыппұл емес, сыйақы ретінде ұстату керек. Ол туды желден ұшып кетпесін, бүктеліп қалмасын деп, бекітіп, мықтап іліп қойған. Өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алған. Оны үтіктеп, қадірлеп, қандай да бір партияның айдауынсыз, әкімдіктің нұсқауынсыз шын жүректен қуанышын білдіріп, іліп қойды. Жүректердің қалауына қарсы шықпай, заңның нормаларын өзгерту керек. Ондай тыйымдарды алып тастау керек. Мен туды кеудеме іліп алғым келсе, ол менің өз қалауым ғой.

Еске салайық, Жандос Құрманбаев есімді Астана тұрғыны мемлекеттік туды өз пәтерінің балконынан желбіретіп, отандық боксер Геннадий Головкиннің кезекті жеңісіне қуаныш білдірген еді. Алайда құқық қорғау органы өкілдері бұл қылықты заңбұзушылыққа жатқызып, Құрманбаевқа 400 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Мұндай шешім әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын тудырды. Полиция шешіміне қарсылық ретінде әлеуметтік желіде тіпті өздерінің мемлекеттік ту ұстап түскен суреттерін көптеп тарата бастады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ