Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жалға берілетін әлеуметтік үйлер наурыз айының аяғына қарай қолданысқа берілуге дайын болмақ

AstanaTV
02.03.2015ж. 20:00
2177
Жалға берілетін әлеуметтік үйлер наурыз айының аяғына қарай қолданысқа берілуге дайын болмақ

Наурыздың жиырмасына қарай жалға берілетін әлеуметтік үйлердің бірсыпырасы қолданысқа берілуге дайын болмақ. Бұл туралы әлеуметтік баспана құрылысының барысын бақылайтын қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында мәлімденді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жалдамалы баспананың нақты бағасын айтып, үйлердің 60 пайызы Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі шаһарларда, ал қалған 40 пайызы өзге облыс орталықтары мен моноқалаларда берілетінін хабарлады. Жалдамалы баспана мәселесі қоғамдық кеңесте бүгін алғаш рет талқыланды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жалдамалы пәтерлер осы наурызда беріле бастайды. Ең алдымен жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрғандар қамтылады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жанынан құрылған қоғамдық кеңес бағдарламаның орындалу барысын қатаң бақылауда ұстайтын болады. Ең бастысы - бағдарлама ашық болады, деп сендірді оның тізгінін ұстағандар.

Сөйтіп наурыздың аяғына қарай, Астана қаласында 86, Алматыда 803, Қостанайда 749, Көкшетауда 337 және Семейде 120 пәтердің кілті өз иесін таппақ. Аталған баспананың жартысы сәуір айында таратылады. Бағдарлама негізінде салынатын пәтерлердің шаршы метрі шағын болады. Яғни 1 бөлмелi пәтер 33 шаршы метр, екi бөлмелi - 45 және үш бөлмелi пәтер - 62 шаршы метрден аспайды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Ең алдымен барлық үрдіс ашық өтуі тиіс. Яғни халық дұрыс түсінуі үшін, пәтерлерді үлестіру ашық жүруі керек. Бағдарламаның аяқ алысы осыған байланысты болады. Егер әкімдіктерде ашықтық болмаса, халықта, неге ол бірінші емес, неге оныншы, деген сұрақтар көп болады. Тұрғынның есебі бойынша аты тізімде тұруы тиіс. Мұндай сұрақтар әкімдіктің қолында. Сондықтан барлығы ашық жүруі тиіс.

Бір айта кетерлігі, жалдамалы пәтерлерді жалға беруге, сыйға тартуға немесе айырбастауға болмайды. Тек сатып алу құқығымен, немесе сатып алмай, тек жалдау құқығымен қоныстану керек. Тұрғын үйлердің сапасы «майшаммен» қаралмақ. Осы мақсатта халық шағымын қабылдайтын жедел желі құрылатын болды. Алдағы бес жылда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың жалға берілетін әлеуметтік пәтер салынбақ. Биылдың өзінде 487 мың шаршы метр баспана жалға беріледі деген жоспар бар. Жеңілдетілген бағамен берілетін жалдамалы үйге Ұлттық қордан 180 млрд теңге бағытталған.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарма төрағасы:

Үйлер берілуі тиіс деген 5 аймақтан тізімдер келіп жатыр. Еншілес компаниямыз «Қазақстан ипотекалық компаниясы» қазір тізімдегілердің төлем қабілетін тексеруде. Осылайша наурыздың 20-сына қарай барлық тізімдер нақтыланған кезде, пәтерлерді қолданысқа беруге дайын боламыз.

Ең маңыздысы - баспананың бағасы қолжетімді. Мәселен, 50 шаршы метрлік сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтерге ай сайын 56 мың, ал сатып алу құқығы жоқ жалдамалы баспанаға айына 28 мың теңге төлейсіз. Алайда бұл шаршы метрлердің алақандай бұрышқа зар болып жүрген қазақстандықтар үшін аздық ететіні анық. Жалпы ел бойынша тұрғын-үй коммуналдық қордан пәтер күтіп тұрғандар саны - 300 мың адам. Олардың 130 мыңнан астамы - әлеуметтiк әлжуаз топ. 124 мыңы - бюджеттiк және мемлекеттiк қызметкерлер, 44 мыңы - жетiмдер. Бақытжан Сағынтаевтің айтуынша, бұл кезек жыл сайын ұлғайып барады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ