$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуге наурыз айында шектеу қойылмақ

AstanaTV
03.03.2015ж. 10:00
1004
Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуге наурыз айында шектеу қойылмақ

Жанармай қайтадан қымбаттап кетеді ме деген қауіп басым. Бұған Ресейден келетін мұнай өнімдеріне уақытша шектеу енгізілуі себеп болуы мүмкін. Қазақстан Үкіметі 5-ші наурыздан бастап, Ресейдің арзан жанармайын ел аумағына кіргізуге тиым салмақ.

Өйткені, ішкі нарықта көрші мемлекеттен жеткізілген бензин мен дизель отынының мөлшері тым көп. Сондықтан Ресейден жанар-жағар май тасымалдауды 45 тәулікке тоқтату туралы шешім қабылданды.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев көрші елден келетін мұнай өнімдерінің шектен тыс көбейіп кетуіне жол берілмейтінін айтады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице министрі:

Биылғы жылға 1 миллион 100 мың тонна көлемінде бензин, 760 мың тонна дизель отынын алу туралы келісім-шартқа отырғанбыз. Осыған орай, жыл басында көп мөлшерде жанар-жағар май алып қойған едік. Ішкі нарықта бензин жетіспеушілігі байқалмайды. Сондықтан Ресейден мұнай өнімдерін алуды уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болып отырмыз.

Алайда тұтынушылар арасында мұндай шара тағы да бензиннің қымбаттап кетуіне әкеле ме деген күдік басым. Министрлік өкілі өз мәлімдемесінде бағаның ең өтімді бензин үшін 99 теңге көлемінде тұрақтайтынын айтады.

Мұнай-газ саласына талдау жасайтын мамандар да «жанармайға деген шектеудің» уақытша құбылыс екенін мәлімдеді. Қазір бензин нарығында жағдай қалыпты, сондықтан көлік жүргізушілері үшін алаңдауға еш негіз жоқ,- дейді олар.

Ғалым Құсайынов, экономист-сарапшы:

Қазір  мұнай өнімдерін сақтайтын қоймаларда жеткілікті мөлшерде жанар-жағар май сақтаулы деген ақпарат жаңсақ емес. Мұнай өңдеу зауыттары да  бензин мен дизель отынын тиісті мөлшерде өндіріп жатыр. Оларды тоқтату технологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Оның орнына сырттан келетін, соның ішінде Ресейден жеткізілетін  мұнай өнімдеріне уақытша шектеу қоюдан басқа амал жоқ. Ал бұл бензин бағасына кері әсер ете қоймайды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ