$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Павлодар облысы Успенка ауданында «Нұр Отан» партиясының облыстық конференциясына қатысатын делегаттар таңдалуда

AstanaTV
03.03.2015ж. 20:00
1383
 Павлодар облысы Успенка ауданында «Нұр Отан» партиясының облыстық конференциясына қатысатын делегаттар таңдалуда

«Нұр Отан» партиясының Павлодар облысы Успенка ауданындағы филиалы, бесінші наурызда өтетін облыстық конференцияға қатысатын делегаттарды анықтады. Әріптестері 7 үміткерді қолдады. Өңірдегі Қозыкеткен ауылының тұрғыны Лариса Гильдебранд - солардың бірі. Кітапханашы болып істейтін ол 2000  жылдан бері «Нұр отан» партиясы құрамында. Бүгінде ол әріптестерінің өзіне артқан зор сеніміне дән риза. 

Ауылдық кітапхананың шағын залы әдеттегідей оқырманға толы. Кітапханашы Лариса Гильдебранд оқырмандармен және тұрғындармен алда өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі жайлы ой толғап, пікір алмасуда. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені ол наурыздың 5-іне белгіленген партияның облыстық конференциясына делегат болып таңдалды.

Лариса Гильдебранд, «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының Қозыкеткен ауылдық округі бастауыш партия ұйымының хатшысы:

Ауданнан облыстық конференцияға 7 адам таңдалды. Солардың арасында менің де кандидатурам құпталды. Әуелде таң қалдым. Неге мен деп?! Өйткені партия құрамында келелі жиынға баруға білімі де, қызметі де сай келетін азаматтар көп қой. Бірақ таңдау маған түсіпті, демек, менің көп жылғы еңбегімнің ескерілгені шығар. Сондықтан партияластарыма шынайы алғысымды білдіремін.

Саяси ұйымға Лариса Гильдебранд 2000 жылы мүше болып қабылданды. Бұл қадамға баруын ол «қоғамдық белсенді позициямның нәтижесі» деп түсіндіреді. Қозыкеткен ауылдық округінің бастауыш ұйымында бүгінде 45 адам бар. Оның тең жартысы - қызметкер де, он төрті - зейнеткер, арасында үй шаруасындағылар да бар.

Айнагүл Баймолдинова, Қозыкеткен ауылының тұрғыны:

Лариса Васильевна біздің ауылда сыйлы адамдардың бірі болып саналады. Ол өз жұмысын, еңбек етуді, адал еңбек етуді жақсы көреді. Мен бірнеше жылдан бері ол кісімен тығыз жұмыс істеймін. Кітапханада болатын іс-шаралардың, ауылдағы іс-шаралардың бәріне белсене қатысады.

Кітапхана - ауылдың мәдени өмірінің жүрегі. Бүгінде оқырмандар бұл жерге кітап оқумен қатар, өңірдің тарихын зерделеуге де жиналады. Мекеменің бір бұрышы шағын өлкетану музейіне айналған. Көне заттармен қоса, мұнда ауыл ақсақалдарының естеліктері де топтастырылған.

Лариса Гильдебранд «Нұр Отан» партиясының Астанада өтетін 16-шы кезекті съезіне де үміткер болғысы келетінін жасырмады. «Бұл сапар әр өңірден келген әріптестерімен танысып, пікір алмасуға мүмкіндік болар еді», - дейді. Айта кету керек, республикалық шараға еліміздің әр өңірінен 1 200 делегат қатысады, деп күтілуде. 


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ