Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Теннистен Қазақстан құрамасы «Дэвис» кубогына дайын

AstanaTV
03.03.2015ж. 20:00
968
Теннистен Қазақстан құрамасы «Дэвис» кубогына дайын

11 наурызда «Тиррено-Адриатико» велокөпкүндігі басталады. Аталған жарысқа әлемнің үздік спортшылары Альберто Контадор, Кристофер Фрум, Найро Кинтана және «Астана» командасының капитаны Винченцо Нибали қатысады деп күтілуде. Бір аптаға созылатын жарыс жеңімпазы 17 наурызда белгілі болады. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов жалғастырады. 



Наурыз айының 6-сы мен 8-і аралығында Астанада «Дэвис» кубогының 1/8 финал ойындары өтеді. Әлемдік топтың бірінші айналымында Қазақстан құрамасы Италия командасымен сынға түседі. Бұл сында ел намысын Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко қорғайды.

Диас Досқараев, теннистен Қазақстан құрамасының капитаны:

Әлем тобында оңай командалар жоқ. Әр команда мықты және тәжірибелі. Италия командасы да сондай. Италия командасының тарихы мол деп ойлаймын. Себебі олар бір рет Дэвис кубогының жеңімпазы болған. Алты рет финалда ойнаған.

Италия командасы Қазақстанға мықты құраммен келіп отыр. Олардың қатарында Фабио Фоньини, Андреас Сеппи, Симоне Болелли және Паоло Лоренци бар. Өткен жылы Қазақстан құрамасы ширек финалға дейін жетіп, Швейцария теннисшілеріне 3-2 есебімен жол беріп қойды. Қазақстан және Италия командалары арасындағы жеребе рәсімі 5 наурызда өтеді.



Футболдан Голландия чемпионатының көш басшысы «ПСВ» командасы үш ұпайдан айрылды. 25-ші турда «Аякс» клубын қабылдаған Филипп Кокудың шәкірттері 3-1 есебімен ұтылды. Бұл ойындағы алғашқы голды қонақтар бірінші таймның 29-шы минутында соқты. Голдың авторы - Рикардо Кишна. Қарымта шабуылға шыққан алаң иелері үзілістен кейін таразы басын теңестіріп кетті. Әріптесінің сол қапталдан шығарған пасына биік секірген Люк де Йонг баспен тура соққы жасап, командаластарының қошеметіне бөленді.

Дегенмен, қалған уақытта ойын тізгінін толығымен қолдарына алған Франк де Бурдың шәкірттері «ПСВ» клубының қақпасына қатарынан екі доп соқты. Алдымен айып добын шебер орындаған Лассе Шене командасын алға шығарса, келесі сәтте жеке шеберлігімен көзге түскен Әнуар Эль-Гази есепті қорытындылады.

Бұл жетістігінен кейін «Аякс» клубы 53 ұпай жинап, турнир кестесінде «ПСВ» командасына бір табан жақындады.

Самат ҚАНАҒАТОВ 


Алдыңғы жаңалық