Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте қызылшаға қарсы вакцинадан есінен танған оқушының беті бері қарады

AstanaTV
05.03.2015ж. 20:00
1728
Шымкентте қызылшаға қарсы вакцинадан есінен танған оқушының беті бері қарады

Шымкентте қызылшаға қарсы екпеден соң бір апта бойы ес-түссіз қалған оқушының беті бері қарады. 16 жастағы Сағындық Жанысбаев қазір палатаға ауыстырылған. Айта кетейік, бұл аймақта вакцинациядан кейінгі тіркелген алғашқы келеңсіз жағдай емес. Бұған дейін қыз бала қайтыс болған еді. Ата-анасының айтуынша, өлімге нақ осы вакцина себеп болды. 

10 сынып оқушысы Сағындық Жанысбаевқа екпе 19 ақпанда жасалған. Арада 10 минут өткенде оның денесі құрыса бастапты. Көз алдарында оқушының жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп, абдырған медбике дереу жедел жәрдем шақыртыпты. «Одан кейін не болғаны есімде жоқ»,- дейді Сағындық.

Сағындық Жанысбаев:

Он минуттан кейін басым ауырды. Кейін судорга ұстады. Қалтырай бастадым. 37 болды. Сол кезде барлығы менің давлениемді өлшеді. Сол кезде барлығы жаман болды. Әрі қарай білмеймін.

Ал анасына болған жәйтті сынып жетекшісі хабарлаған. «Естігенде есімнен тана жаздадым», - дейді анасы. Оның айтуынша, жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан Сағындық бір аптадан соң ғана тілге келген.

Әбден жүрегі шайлығып қалған ата-ана күндіз-түні ұлының қасынан бір елі ажырамайды. Бауыр еті баласының осындай халге түскенін вакцинадан көреді.

Назипа Байғанаева:

Вакцинадан болды. Тоқ етері сол вакцинадан болды. Әлде салған адам жөнді салмады ма? Бала сап-сау тұғын. Ауру емес ешқандай.

Дәрігерлер қазір оқушының өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Есінен тану себебі де әлі анықталмаған. Нақты жауап сараптама жұмыстарынан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

Сәрсен Пернебеков, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Түскен кезде артериялық қысымы төмен болған. Окончательный диагнозы әлі толық белгіленген жоқ. Сараптамадан кейін белгілі болады. Ең бастысы - қазіргі кезде баланың жағдайы жақсарды. Қанағаттанарлық жағдайда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 15 пен 19 жас аралығындағы 185 мың жасөспірімге биыл қызылшаға қарсы екпе егу жоспарланған. Соның тең жарымы вакцина қабылдап үлгерді. Жасөспірімдердің қызылшаға қарсы екпеден кейін денсаулығы нашарлауын аймақта осыған дейін де тіркелді. Осыдан екі апта 15 жастағы қыз бала көз жұмды. Марқұмның ата-анасы өлім себебін вакцинадан көріп отыр. Десе де, дәрігерлер дес берер емес. Бойжеткен ауруханаға түскенде «менингит» диагнозы қойылған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ