$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қостанайда Виктория Ганяны өлтірген қылмыскерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

AstanaTV
06.03.2015ж. 13:00
1083
Қостанайда Виктория Ганяны өлтірген қылмыскерге өмір бойы бас бостандығынан  айыру жазасы тағайындалды

7 жасар Виктория Ганяны  аса қатігездікпен  өлтірді деп айыпталған Қостанайлық Денис Лесников  өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қостанай облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот осындай үкім кесті.

Ерлік Сералин, Қостанай облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Денис Лесниковке өмір бойы бас бостандығынан  айыру жазасы тағайындалсын. Оның иегіліндегі дүние-мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін жасөсіпірімдер мен  балаларды тәрбиелеу мен оқыту құқығы шектелсін. Жазасы айрықша режимдегі  түзету мекемесінде өтелсін.

31 жастағы Қостанай тұрғынына қатысты қылмыстық іс 26-ақпаннан бастап сотта қарала бастады. Процесс жабық жағдайда өтті. Денис Лесниковке 4 кісіні  өлтірді және 4 скутерді ұрлады деген айыптар тағылған.

Тергеу барысында оның ауыр қылмыстардың үшеуін  3 жыл бұрын жасағаны анықталды. Сот  үкімін естіген  қылмыскер, ашуға булығып, прокурор мен  судьяға былапыт сөздерді жаудырды. Еске салайық, Рудныйлық Виктория Ганя өткен жылы  24 сәуірде  із-түзсіз жоғалған еді.

7 жасар бүлдіршінді іздестіруге мыңдаған  қала тұрғыны мен әскери бөлім сарбаздары, және полицейлер жұмылдырылды. Бір айдан соң еріктілер оның өлі денесін  тапты. Кішкене қыздың өліміне қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды.

Алайда ұрлық жасау барысында қолға түскен Қостанайлық Денис Лесников қаршадай қыздың өлімі мен қатар  бірнеше ауыр қылмыстарды мойнына алған.

Заңғар САНАЙ