$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қостанай облысында 7 жастағы Виктория Ганяны өлтірген қылмыскер ең қатаң жазаға кесілді

AstanaTV
06.03.2015ж. 20:00
1814
Қостанай облысында 7 жастағы Виктория Ганяны өлтірген қылмыскер ең қатаң жазаға кесілді

Қостанайда 7 жастағы Виктория Ганяны айуандықпен өлтірген қылмыскерге қатысты үкім шықты. 31 жастағы Денис Лесников қатаң жазаға кесілді. Тергеу деректеріне сәйкес, ол бірнеше адамның қанын мойнына жүктеген. Осыған сәйкес облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы қалған ғұмырын айрықша тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Сонымен қатар, зардап шеккендерге материалдық және моральдық шығын ретінде 6,5 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Өңірдегі тілшіміз Заңғар Санайдың репортажы.  

Бір жарым айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Денис Лесников қылмыскер деп танылып, қалған өмірін темір торда өткізетін болды. Оған 4 кісіні өлтірді және бірнеше ұрлық жасады деген айып тағылған еді. Мемлекеттік айыптаушылар оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Судья прокурорлардың талабын қанағаттандырды.

Ерлік Сералин, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Денис Лесниковке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оның иегіліндегі дүние-мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін жасөсіпірм балаларды тәрбиелеу мен оқытуға құқығы шектелсін. Жазасы айрықша тәртіптегі түзету мекемесінде өтелсін.

Үкімді естіген қылмыскер ашуға булығып, айқай салып, прокурор мен судьяға бейәдеп сөздер жаудырды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы оқыған деректерге сенсек, сотталушы ауыр қылмыстың үшеуін 3 жыл бұрын жасапты. Еске сала кетейік, былтырғы жылдың ең атышулы әрі шырмауы көп, құпиясы мол қандықол оқиғасы - 7 жасар Виктория Ганяның өлімі болды. Көктем айында кеншілер қаласында із-түссіз жоғалған бүлдіршінді полиция өкілдерімен бірге мыңдаған еріктілер де жұмыла іздеген еді. Арада бір ай өткенде Рудныйдың сыртындағы құрылыс қирандыларының бірінен айуандықпен өлтірілген қыз баланың мүрдесі табылды. Алайда кінәлі адам біраз уақыт бойы ұстатпай жүрді.

Ерлік Сералин, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Өткен жылы маусым айында Астанадағы сарапшылар телефон арқылы маңызды мәлімет қалдырған. Олар өз базасында бұрын тіркелген күдіктілердің қан сараптамасын тексерген көрінеді. Сондағы бір генотиптің сәйкес келгендігін хабарлайды. Сол сәйкестік Лесниковке тән болып шыққан.

Сөйтіп, өткен жылдың тамызында күдікті ретінде Қостанай қаласының тұрғыны, бұрын сотталған Денис Лесников дереу қамауға алынған еді. Тергеу барысында ол қаршадай қызды азаптап ажал құштырғанын, оған дейін, яғни 2012 жылы екі әйел мен 16 жастағы бойжеткенді зорлап, кейін қылқындырып өлтіргендігін мойындаған. Виктория Ганяның ата-анасы сот шешімін әділ деп бағалады.

Мария Остапенко, В.Ганяның анасы:

Бұл ең қатаң жаза. Өзім де осындай үкімді күттім.

Үкім барысында судья, Денис Лесниковтың жасаған қылмысы аса қауіпті саналатынын, сондықтан ең қатаң жаза тағайындалғандығын, атап өтті. Сондай-ақ, із-түзсіз кеткен Виктория Ганяны іздестіріп, оның мүрдесін табуға атсалысқан ерікті Владимир Радченконың ерлігін, азаматтық жауапкершілігін ескере отырып, ішкі істер департаменті тарапынан марапат көрсету туралы жеке қаулы шығарды.

Заңғар САНАЙ