$511.22 €540.05 ₽4.73
×

«Ақ жол» партиясы алдағы парламенттік сайлауға ықшамдалған тізім ұсынды

AstanaTV
03.02.2016ж. 20:00
4591
«Ақ жол» партиясы алдағы парламенттік сайлауға ықшамдалған тізім ұсынды

«Ақ жол» демократиялық партиясы парламенттің алдағы сайлауында халықтың 7-8 пайыз дауысын иемдену мақсатын қойып отыр. Партия төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, 8 сенім мандатына ие болудың өзі зор жетістік болмақ. 2012 жылғы саяси науқанға партия 79 үміткер ұсыныпты. Бірақ олардың 8-і ғана парламенттен орын алды. Сондықтан мүмкіндігімізді шынайы бағалайық, - деді Азат Перуашев.

Ақжолдықтар ұсынған тізімде 35 азамат бар. Оның ішінде бесінші шақырылымда болған Перуашев бастаған сегіз депутат түгел. Тізімдегі 24 үміткер - бизнес өкілі, ұлттық интеллигенциядан алты адам, партия органдарынан бес адам бар. «Ақ жол» тізіміне шетелден келген қандас бауырларымыз да енген.

Партияның кезектен тыс 13-ші съезінде саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Ақжолдықтар партияның ұстанымы мен мақсаты өзгеріссіз екенін айтып, құжаттың айтарлықтай жаңалығы жоқ екенін ашық айтты.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Осы жолы біз әріптестермен кеңесіп, ұзын-сонар партиялық тізім жасамау туралы шешім шығардық. Бүгін «Ақ жол» партиясы алдына парламенттің 20-30 мандатын алу асқақ арманын қойып отырған жоқ. Мақсат - парламенттегі бұрынғы үлесімізді бекіте түсу. Бұл біздің бесінші шақырылымға ілігуіміз кездейсоқтық емес екенін дәлелдейді.

«Ақ жол» партиясы тізімін Орталық сайлау комиссиясында тіркеді. Ақжолдықтар да бұған дейінгі парламенттік сайлауда халықтың жеті пайыздан астам қолдауына ие болғандықтан, сайлау жарнасынан босатылады. Осылайша, парламенттік сайлауға түсетінін растаған партиялар саны төртеу, ал депутаттықтан үміткерлер саны 203 азамат.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ