Шығыс Қазақстан облысында да
қалалық, аудандық және облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер жасырын дауыс
беру арқылы іріктелді. Жеңімпаздар да белгілі болды. Өңірлік орталық сайлау
комитеті өкілдерінің айтуынша, кандидаттардың ұсыну науқаны белсенді жүріп
жатыр. Біздің аймақтағы әріптестеріміз Глубокое ауданындағы ауылдық округтерді
аралап, жұрттың сайлауға бей-жай қарамайтынына көз жеткізді.
Секисовка ауылындағы орталық
алаң пікірсайыс орталығына айналған сыңайлы. Мұнда жиналған тұрғындар күн
сайын мәслихат депутаттығына үміткерлерді талқылауды әдетке айналдырған. Олар 4
адамды ұсынуы тиіс. Тіпті қоғамдық көлік жолаушылары да түсіру тобын көріп,
болашақ халық қалаулылары қандай болу керек екенін айтты.
Вера Антропова, ауыл тұрғыны:
Депутат адамдармен тікелей
жұмыс істеу керек. Біздің жағдайымызды сұрап, тіршілігімізден хабардар болуы
тиіс.
Рысхан Хамзин көлік жүргізушісі
болып қызмет етеді. Жуырда ауылды қалың қар басқан кезде, ол басқа
жүргізушілермен бірлесіп, халық қалаулысынан көмек сұрағысы келген. Бірақ
арнайы хат жазған кезде, оның тегін ешкім есіне түсіре алмапты. Сондықтан Рысхан
бұл жолғы сайлауға ерекше қарауға бел буған.
Рысхан Хамзин, ауыл тұрғыны:
Адамдармен, халықпен бірге
болуы керек. Осы жерде қиналғанда, көзімен көріп, күрек ұстап жол тазалап, бірге
болу керек. Сонда ол депутат.
Секисовка ауылы тек бау-бақша
мекені ғана емес, алуан түрлі өнімдерді өңдейтін кәсіпорындардың орталығы.
Тау-кен өндірісіндегі кеншілерде мәслихаттан білікті адамдарды көргісі
келетіндерін айтты.
Ералы Сырбай, кәсіпорын директорының міндетін атқарушы:
Ол жоғары білімді болса, өте
орынды болар еді. Біздің осы тұрған поселкамыздағы адамдарға болатын
депутат жақын болуы керек. Бізбен бірге істесін.
Жалпы, Шығыс Қазақстан
облысында аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарға барлығы 321 депутат
сайланады. Қазір алғашқы праймериз лидерлерінің аттары белгілі бола бастады.
Солардың бірі - Зарина Камасова. Белгілі көз дәрігері 65 дауыс жинаған.
Зарина Камасова, мәслихат
депутаттығына үміткер:
Мен денсаулық сақтау
саласындағы мәселелерді шешкім келеді. Тек депутат ретінде емес, дәрігер, әйел
ретінде. Егер де мен депутат болсам, халықтың өмір сапасын арттыруға үлесімді қосар едім. Әйелдің қолынан
келмейтін іс жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН