Павлодарда
бір ай ішінде қылмыс 30 пайызға азайған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен
салыстырғандағы көрсеткіш. Әсіресе қоғамдық орындарда жасалатын заң бұзушылық
деңгейі төмендеді. Жаңа құрылым
өкілдері бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі деп отыр. Өңірде алғаш болып қолға
алынған муниципалдық полицияның жұмысы жайлы келесі бейнематериалда.
Учаскелік
полицей мен оның көмекшісінің әр күні осылай басталады. Тәртіп сақшысы есепте
тұрған азаматтардың үйіне кіріп, жағдайымен танысады. Қырық жастағы мына тұрғын
ішімдікке әуес. Бұл пәтер - маскүнемдердің жиі бас қосатын жері.
Полы
помой, чтобы не было грязно здесь, хорошо?
Сақшының
кеңесін құлаққа ілмейтіндер, полиция бекеттерінде құрылған қоғамдық кеңес
мүшелерінің талқылауына түседі. Олар айына төрт рет бас қосады. Айтуларынша,
мұнда негізінен маскүнемдер жиі келетін көрінеді. Балаларына көңіл бөлмейтін
ата-аналардың ісі де осы кеңестің қарауында. Өз еркімен түзелгісі
келмейтіндерді қоғамдық кеңес мәжбүрлі түрде емдетуге құқылы. Бұл биылғы жылдың
жаңашылдығы.
Нәсіп
Нәжікенова, қоғамдық кеңестің мүшесі:
Қоғамдық
кеңестің алдына келіп, ақыл-кеңес алғандар арасында түзу жолға түсетіндер көп.
Мәселен, баласынан бас тартып, кейін арнаулы мекемеден оларды алып кетіп жатқан
ата-аналар болды. Меніңше, адамдарға мүмкіндік беру керек. Осы бағытта қоғамдық
кеңестің жасап жатқан жұмысы айтарлықтай.
3-ші
курста оқитын Ғалымжан мен Абзал - жергілікті полицияның қолғанаттары. Көмекші
жасақ құрылғанда, алғашқылардың бірі болып жазылған олар бүгінде қоғамдық
тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосып жүр. Студенттер жыл басынан бері әкімшілік
жауапқа тартылған 20-ға жуық азаматтың бұзақылығын анықтады. Олар да аптасына
үш рет кешкі уақытта патрульге шығады.
Ғалымжан
Қабір, Павлодар қалалық ІІБ полицияның көмекші жасағының командирі:
Студент
болып оқуға түскенде, осы заң жолын таңдадым. Отаныма қызмет еткім келеді.
Өзіме ұнайды бұл жұмыс. Қаламыздың тыныш болуына үлесімді қосып жатқаныма
қуанамын.
Учаскелік
полиция бөлімі қоғамдық тәртіпке жауапты. Сондықтан жергілікті полицейлер бұл
бағыттағы қызметті жетілдіруді көздеп отыр. Осы ретте «Учаскелік инспектормен
таныс» акциясын қолға алу жоспарланған.
Жасқайрат
Қайыров, Павлодар қалалық жергілікті полиция бөлімінің басшысы:
Хабарлама
ілетін боламыз. Сол хабарламада учаскелік полицияның суреті, байланыс
телефондары және, олардың жұмысына байланысты сұрақтар болса, біздің органның
телефондары болады.
Жасқайрат
Қайыровтың айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл қылмыс
деңгейі 30 пайызға кеміген. Әсіресе қоғамдық орындарда жасалатын заңбұзушылықтар
40 пайызға азайып отыр. Дегенмен, проблема да жоқ емес. Оның негізгісі - кадр
тапшылығы. Полицейлер бұл түйткіл жақында шешілер деген үмітте.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ