Аузы күйген үрлеп ішеді.
Қазақстан Байқоңырда апат бола қалса, Ресейге қойылатын шартты күшейтпек. 17
жыл өзгеріссіз жатқан құжатқа толықтырулар енгізіліп, бүгін сенаторлар қарауына
ұсынылды. Ал 2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыранына қатысты мәселеге әлі нүкте
қойылмаған. Бүгін шенеуніктер шығын өндіріледі деп мәлімдеді. Ал бұған дейін
Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко көрші көк тиын да қайтармайды
деген еді. Айгүл Әдепбай тарқатады.
Осыдан 3 жыл бұрын құлаған
Ресей зымыранының жыры шенеуніктердің ұйқысын қашырып болды. «Байқоңырдан
зымырандарды жіберу кезінде апат бола қалған жағдайда өзара іс-қимсыл тәртібі
туралы» келісімді Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Марат Демеуов таныстырды. Бірақ
сенаторларды алаңдатқаны құлаған зымыран үшін төленетін өтемақы болды.
Марат Демеуов, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін
атқарушы:
Шығынды қайтару мәселесіне
келсек, оны кезең-кезеңмен өтеу жүріп жатыр. Өтеу тауар, қызмет түрінде және
ақшалай жүруде.
Ал журналистер қойған сауалға
шенеунік жақ ашпады. Сенат қабырғасында журналистерді жапырып, сырт киімін
киместен қашты.
Төтенше жағдайлар комитетінің
төрағасы Ресей келтірген шығындарды өтеуден құтылмайды деді.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше
жағдайлар комитетінің төрағасы:
Работы ведутся, будут платить.
Төлейді дегенмен, бұл біздің
құзырымызда емес дегенді де қосты. Ал бұған дейін Ішкі істер министрінің
орынбасары Владимир Божко көрші ел құлаған зымыран үшін көк тиын да бермейді
деп кесіп айтқан болатын.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары
(01.02.2016 ж.):
Олар өздері
шығынға батты. Біз космодромнан тыс аумаққа келген шығынды анықтай алмадық.
Сондықтан төлемдер туралы келіссөздер нақты бір сомма белгіленбеген күйі
аяқталды.
Осылайша бір ведомствоның
өкілдері екі түрлі жауап қатты. Ақыр соңында сөз таппай састы.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше
жағдайлар комитетінің төрағасы:
А Божко нам сказал, что они не
будут платить. -... - Мы на днях его писали. -...
Ал сенат ратификациялаған
Байқоңырдағы апатқа қатысты протокол 99 жылы қабылданған. Келісім 17 жылдан
бері енді ғана қолға алынып, өзгертілді. Жаңашылдыққа сай апат бола қалғанда,
Ресей бірден хабарлауға міндеттелді. Және апаттың салдарымен жұмыс істейтін
комиссиясын 12 сағаттың ішінде құрып, Қазақстанға жіберулері тиіс. Ең бастысы,
зымыраның ұшуына 8 сағат қалғанда, екі тарап та тас түйін дайын отыруы керек.
Яғни бұл жаңашылдықтар 99 жылғы құжатта қаралмаған. Ал сенатор Мұрат
Бахтиярұлының айтуынша, бейбіт мақсатта гептилмен ұшатын зымыранды әлемде тек
Ресей ғана Байқоңырдан ұшырып отыр.
Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті
Сенатының депутаты:
Гептил - әскери мақсатта
қолданылатын қауіпті отын. 1-2 күнде ауаға, суға топыраққа сіңіп кетеді. Оны 1
апта, 10 күннен кейін ешкім таба алмайды. Сіңіп кетеді. Дер кезінде
зерттемегендіктен, Ресей мойындамай отыр. Бұл - ашық мәселе.
Апат мәселесі ашық күйінде
қалып отырғаны өз алдына. Ресей биыл Байқоңырдан 18 зымыран ұшыруды жоспарлап
қойған. Оның 12-і гептилмен ұшады деді Ішкі істер министрінің міндетін
атқарушы. Ал сенаторлар қайта ұсыныс тастай-тастай жыл сайын көкке көтерілетін
зымырандар санын азайтқандарын айтты.
Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті
Сенатының депутаты:
Ұшатын ракеталар саны да
азайды. Бұрын 20-25 болса, жылына қазір 10-12, оның 5-6 гептил отынымен ұшады.
Қалғаны басқа отынмен ұшады. Бізге ең қиыны осы гептилмен ұшатын ракеталар.
«Еуразия» сақтандыру
компаниясының дерегінше, былтыр 8 протон ғарышқа ұшырылған. Соңғы 10 жылда 89
рет көкке көтерілсе, оның 9-ында апатқа ұшыраған екен.
Айгүл ӘДЕПБАЙ