$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Маңғыстаулықтар Амал мейрамын тойлады

AstanaTV
16.03.2015ж. 20:00
994
Маңғыстаулықтар Амал мейрамын тойлады

Еліміздің батыс облыстары көктем мен жаңарудың жаршысы Амал мерекесін тойлады. Маңғыстау өңіріндегі Отпан тауына 14 наурызда жүздеген адам жиналды. Бұл дәстүрді атап өтуге маңғыстаулықтардан бөлек көрші республикалардан да қонақтар келген. Ақтау қаласынан 130 шақырымдай қашықта орналасқан Отпан таудағы мерекелік іс-шаралар биыл сегізінші рет өткізіліп отыр. Мұндағы тарихи-мәдени орталық 2007 жылы ашылған. Теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан нүктеде наурыздың 13-інен 14-іне қараған түні от жағылады. Бұл рәсімнің тарихи мәні бар. Бірнеше ғасыр бұрын Маңғыстау халқы осылайша төнген қауіп жайында хабарлап, қол жинаған деседі. Бүгін бұл рәсім бейбіт мақсатта, халықты Амал мерекесіне жинау үшін орындалады.

Бұл керемет мейрамда барлығымыз бас қосып, жиналған халыққа ас ұсынамыз. Бүгін бұл жерге көршілес елдерден де меймандар келді.

Амалдың басты салты - көрісу. Қыстан аман шыққан жұртшылық төс қағыстырып, көріседі, бір-біріне ізгі тілек арнайды. Жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, ақсақалдардан бата сұрайды. Бұл жолғы Амалға келген қауым да осы дәстүрден жаңылмады. Мерекенің соңы халықтық серуенге  ұласты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ