Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Көкшетауда ақындар айтысы өтті

AstanaTV
16.03.2015ж. 20:00
1697
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Көкшетауда ақындар айтысы өтті

«Бірлік пен берекенің Жерұйығы». Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Көкшетауда осындай атпен халықаралық ақындар айтысы өтті. «Нұр Отан» партиясы мұрындық болған жыр додасына өз елімізден және  Қытай, Өзбекстан, Монғолия елдерінен  барлығы 16 ақын қатысты.  Сөз зергерлері  тәуелсіз қазақ елінің жетістігін жырға қосты. Өзара мықтыны анықтауда ақындар бүгінгі қоғамдағы өткір мәселерді көтеріп қана қоймай, ең басты құндылығымыз – бірлігімізді - сөз сайысқа арқау етті.

Көкше төріндегі  бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек. Себебі Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын жырға қосқан дүбірлі дода бұл. Ел аумағындағы 20 жылдыққа арналған шаралардың бірегейі. 

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:


Полиэтникалық мемлекет болып қалыптасқан Қазақстан үшін бірліктің маңыздылығы да, мәні де, орны ерекше. Сондықтан арнайы осында, мына қасиетті өлкеге келіп, осындай айтыс бүгін жүріп жатыр. 

Ақындар Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалын арқау қылды. Жыр додасында еліміздің өркендеуінің негізі - халықтар достығы мен этносаралық келісім тақырыбы да жырланды. Сөз зергерлері елдегі бірлік пен тұрақтылық Тәуелсіз қазақ елінің басты құндылығы екенін жырға қосты.

Еркебұлан  Қайназаров, айтыскер ақын:

Біздің ұлттық төл өнерімізге деген үлкен құрмет. Және осы Ассамблеяның маңайындағы барлық ұлт пен ұлыстар біздің қазақтың айтыс өнерін жақсы тыңдайды, біледі. Және осы арқылы елді бірлікке, береке-ынтымаққа шақыру деп білеміз. Айтыстың негізгі мақсаты сол. 

Бауыржан Байбек, « Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, тәуелсіздікті алғаннан бері айтысты дәстүрді - бәрін қолдап жатыр. «Нұр Отан» партиясының негізгі күші қайда? Халықтың сенімінде. Біз, Елбасы айтқандай, мәңгілік ел боламыз десек, онда айтысымыз мәңгі болуы керек.

Cуырып  салмалық қасиетімен танылған ақындарымыздың өнерін белді  қазылар алқасы бағалады. Сөз шеберлерінің өнерін 700-ге жуық көрермен тамашалай алды.

Мұсатай  Есмағамбет:

Айтыс өте жақсы болып жатыр. Наурыз айтылып, қазақтың дәстүрін жақсы айтып жатыр. Енді осыған ризамыз. Бұндай айтыс Көкшетауда көп бола берсін. Жиі болғанына біз өте қуаныштымыз.

Аламан айтысқа қатысқан 16 ақын да  аузымен құс тістеген жүйріктер. Дегенмен сайыс болған жерде жеңімпаз болатыны заңдылық. Бас жүлде - 2 млн  теңге  сыйақыны - суырылып алға шыққан қытайлық азулы ақын Қанатбек Зәйтолла қанжығасына байлады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ