Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Қазақстан темір жолы» басшылығы табыс әкелмейтін, тиімсіз жобаларды атады

AstanaTV
17.03.2015ж. 20:00
1146
«Қазақстан темір жолы» басшылығы табыс әкелмейтін, тиімсіз жобаларды атады

«Қазақстан темір жолы» басшылығы табыс әкелмейтін, тиімсіз жобаларды тізіп шықты. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Байдәулетовтің айтуынша, Қорғас-Жетіген, Бейнеу-Жезқазған, Шұбаркөл теміржол желілерінің құрылысы аса қымбатқа шыққан.

Астанадағы «Қазмедиаорталығы», «Мұз айдыны» және жаңа вокзал құрылысы да ұлттық компанияға жүктелген. «Бұл нысандардың әлеуметтік маңызы жоғары болғанымен, қаржылай міндетті мемлекет 100 пайыз өз мойнына алғаны жөн. Әйтпесе, табыссыз жобалар ұлттық компанияның инвестициялық тартымдылығына кері әсер етеді», - деді ол.

Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолының» несиелік міндеттемелері 1 триллионға жеткен. Бұл 6 миллиард доллар. Оның тең жартысы таза қарызы. Ақшаны тиімсіз мақсатта оңды-солды шашу - кеңес кезінен қалған әдет. Мұны тыю үшін, трансформация бағдарламасы қолға алынған. Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты барлық компаниялар тиімділікті барынша арттыру үшін, 2020 жылға дейін үлкен реформаны бастан өткермек.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Қордың өзінде жоғарыдан бастап бизнес процестерді траснформациялау бойынша арнайы комиссия құрылды. «Бостон консалтинг груптан» тәжірибелі кеңесші тартылды. Бір қуантарлығы - бұл жұмыс ұлттық компанияларда, оларға қарасты барлық шағын компанияларда қызу жүріп жатыр. Мамандарды жаппай қамтымайынша, трансформация тиімді іске аспайды.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ