Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Павлодар қаласындағы үй аулалары көлік тұрағына көбірек ұқсайды

AstanaTV
18.03.2015ж. 20:00
907
Павлодар қаласындағы үй аулалары көлік тұрағына көбірек ұқсайды

Керекулік тұрғындар көп қабатты үй аулаларының көлік тұрағына айналып бара жатқанына алаңдаулы. Сорақысы сол -тұрақтардың  басым бөлігі заңсыз жұмыс істейді. Есік алдына темір тұлпарларын тізгіндейтін қауымға тіпті көліктерін қарайтындар табылған. Соңғы уақытта осы қызметті көрсететіндер тұрғындардың мазасын алуды әдетке айналдырыпты. Тақырыпты әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

Бұл қаланың қақ ортасындағы Суворов көшесі. Арлы-берлі ағылған халық. Бұған маңайда орналасқан жәрмеңке мен екі ірі сауда орталықтары себеп. Әсіресе, түскі уақыт пен кеш бата көліктердің қозғалысы үдейді. Тоқтаған әр көліктің жүргізушісіне «ақысын төле, тұлпарыңды күзетіп беремін» деп, тап беретіндер көп.

Маған олардың қызметі қажет емес. Мұнда көп тұрмаймын. Алатынымды аламын да, кете берем.

Меніңше, қажет қызмет түрі. Және оны заңдастыру керек деп ойлаймын. 50 теңге түк емес, қалтаға ауырлық түсірмейді.

Тура осы аумақты барлай келе, осындай «көлік қарауылдарының» 10 шақтысын санап шықтық. Мына жігіттен басқасы камераға сөйлеуден бас тартты. Алайда, еңбегінің ақысын алып үйренген ол сұхбат үшін 200 теңге сұрады. Қолақысын алған соң, ашыла бастады. Айтуынша, клиенттер көп. Иесі сеніммен тапсырғандықтан, әр көлікті тиянақты қарайтынын айтты.

Серік:

Қайтіп келген соң, біз бәрін тексер деп айтамыз. Көлігі сау екеніне көзі жеткен соң ғана, жібереміз клиенттерді. Осы қызметіміз үшін 50 теңге беріп кетеді. Кейбіреулер 100-200 теңгесін де аямайды.

Серік 10 жылдан бері осы әдіспен ақша тауып жүргенін жасырмады. Тұрақты клиенттері де бар екен. Десе де, тоқтаған елу көліктің тең жартысының иесі «күзетші жалдауға» әзір, дейді ол.

Қоғамдық орындардан бөлек, көп қабатты үйлердің маңында да бұл бизнес өркен жайған. Дүйсенов көшесіндегі мына аулада авотұрақтың пайда болғанына 5 жылдан асқан. Зейнеткер Николай Носов - заңсыз тұрақ күзетшілерімен күресушілердің бірі. Айтуынша, мұны кәсіп еткендер заңды белшесінен басып отыр. 

Николай Носов, Павлодар қаласының тұрғыны:

Егер бұл жерге 70 көлік 200 теңгемен қойылса, тек бір түнгі құн 14 мың теңге болады. Айына шамамен 450-500 мыңның маңында. Қомақты қаржы, әрине. Бірақ бұл сомадан мемлекетке еш пайда жоқ. Өйткені пысықайлар салықтан жалтарып отыр. Салдарынан аумақта тазарту жұмыстары жүргізілмейді.

Үстіміздегі жылдың қаңтарында күшіне енген жаңа Әкімшілік кодекске сай, қоғамдық орындарда тұрғындардың мазасын алатындар жауапқа тартылады.  Демек, таксистер, қайыршылар немесе көлік күзетшілері ізіңді аңдып, мазаңды алса, құқық органдарына жүгінуге болады.

Бибол Жұманов, Павлодар облыстық ІІД әкімшілік полициясының инспекторы:

449-баптың жазасы мынандай - 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептік көрсеткіш 1982 теңгені құрады. Яғни айыппұл көлемі 10 мың теңгенің маңында. Егер жағдай бір жылдың ішінде қайталанса, әкімшілік айыппұлдың көлемі екі есеге артады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы уақытта «күзетші қызметін мәжбүрлеп ұсынатындар» шектен шыға бастаған. Ақпанда Павлодардағы ауланың бірінде темір тұлпар отқа оранды. Көлік иесі тұраққа заңсыз иелік еткен қарауылға ақы төлеуден бас тартқан деседі. Полицейлердің айтуынша, қала бойынша соңғы үш айда осыған ұқсақ тағы үш оқиға тіркеліпті.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ