$478.93 €534.96 ₽5.16
×

ҚР Президенттігіне кандидаттар саны 3 адамға жетті

AstanaTV
18.03.2015ж. 20:00
1412
ҚР Президенттігіне кандидаттар саны 3 адамға жетті

ҚР Президенті сайлауында үгіт-насихат науқанына аттайтын кандидаттар қатары тағы бір адамға толықты. Орталық сайлау комиссиясы бүгін өзін өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайыновты кандидат ретінде тіркеді. Қазақстан кәсіподақтары конфедерациясының  төрағасы мемлекеттік тіл емтиханын сәтті тапсырып, қажетті қолдауқол жинап, 1 миллион 60 мың теңге міндетті жарнаны өтегені жөніндегі құжатты Орталық комиссияға тапсырды. Комиссия төрағасының қолынан кандидат куәлігін алған үміткер, қуаныштан болар, сөзге келместен, кетуге асықты.

Комиссияның түстен кейінгі отырысында сондай-ақ үміткер Хасен Қожа-Ахметті сайлау науқанының қол жинау кезеңіне өткізу туралы шешім қабылданды.

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

ҚР Президенттігіне кандидат Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет ҚР Конституциясына және сайлау туралы заңының талаптарына сәйкес деп белгіленсін.

Түстен кейін Орталық сайлау комиссиясына өзін өзі ұсынған кезекті үміткер жарыстан өз еркімен шықты. Тіл сынағына келген Қанат Есжанов, лингвистикалық комиссияның құзіретіне күмәнданып, емтихан тапсырудан бас тартты.

Бұл Есжановтың президенттік сайлауға қатысуға алғашқы әрекеті емес. 2011 жылғы науқанда ол дәл осы мемлекеттік тіл сынағынан сүрінген. Үміткер «Мен-қазақпын!» деп бастаған сөзін орысша жалғап, мемлекет басқару үшін мемлекеттік тілді еркін меңгерудің қажеттігі қанша деп шамданды. Ол, сайлауға қатысу үшін төленетін міндетті жарна мен қол жинау және мемлекеттік тіл емтиханын тапсыру талаптары үміткерлерді аяқтан шалу, дейді. Сондай-ақ, бүгін лингвистикалық комиссияның емтиханынан бас тартқандардың бірі - Жақсыбай Базылбаев. Таңертең «саяси мәлімдеме жасаймын» деп ашуға булыға сөйлеген үміткерді лингвистикалық комиссия төрағасы тоқтатты.

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК лингвистикалық комиссиясының төрағасы:

Біз сіздің саяси мәлімдемеңізді тыңдайтын комиссия емеспіз. Біз лингвистикалық комиссиямыз, қазақ тілінен емтихан қабылдайтын. Ондай мәлімдемеңізді төменге барып жариялаңыз. Біз комиссия, емтихан тапсырмайтын болсаңыз, біз орнымыздан тұрамыз.

Лингвистикалық комиссияның бүгінгі жұмысының нәтижесі бойынша, сайлау науқанының келесі кезеңіне өткендер саны 7, оның ішінде 3 кандидат ресми тіркелді. Тағы екі үміткер бүгін емтихан тапсыруға ақыры келмеді. Сайлау комиссиясының баспасөз қызметі бұған дейін мемлекеттік тіл сынағы 18 наурызда аяқталады деген-ді. Алайда, бүгін белгілі болғандай, комиссия жұмысын сайлау науқаны аяқталған күнге дейін жүргізбек. Наурыздың 25-і кандидаттардың толық тізімі бекітіліп, 26 наурыздан үгіт-насихат жұмыстары басталуы тиіс.

Еске салайық, Қазақстан президентін сайлау 26 сәуірге белгіленді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ