Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын 26 наурызға дейін бастаған кандидат саяси додадан шығуы ықтимал

AstanaTV
19.03.2015ж. 20:00
1093
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын 26 наурызға дейін бастаған кандидат саяси додадан шығуы ықтимал

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын 26 наурыздан ерте бастаған кандидат саяси додадан шығуы ықтимал. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия мүшесі Татьяна Охлопкова осындай ескерту жасады.

Айта кетейік, президенттік сайлауға кандидат ретінде азаматтарды тіркеу 25 наурызда аяқталады. Әзірге ресми түрде тіркелген кандидаттар саны үшеу. Ол - Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғын Сыздықов және Әбілғазы Құсайынов. Тағы 4 азамат қол жинап жүр. 25 наурызда ресми тіркелген азаматтарға арнайы куәлік беріледі. Ал 26 наурыздан бастап олар үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бұл демократиялық сайлау болғандықтан, Қазақстанның да, шет елдің де азаматтары сайлауды бақылай алады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерінде де мұндай құқық бар. Егер журналист шетел азаматы болса, ол міндетті түрде Сыртқы істер министрлігіне тіркелуі керек. Қазіргі уақытта сырт мемлекеттерден 98 БАҚ өкілі сайлауға байқаушы ретінде қатысуға ниет білдірді.

Айта кетейік, Президент сайлауына түсуге осы жолы 27 адам ниет білдірген еді. Оның екеуі - әйел. Ал 2005 жылғы сайлауда 18 үміткердің үшеуі, 2011 жылғы президент сайлауында 22 үміткердің төртеуі әйел болған. Осы жолғы үміткерлер арасында 8 адам лингвистикалық комиссия сынынан өте алмады. Ал төрт үміткер сынаққа мүлде келген жоқ. Емтихан белгіленген уақытта келіп, бірақ сынақ тапсырудан бас тартқандары - үшеу. Және тағы 3 азамат кандидаттыққа үміткерліктен өз еріктерімен бас тартты. Ал, лингвистикалық комиссия 40 жасқа толмаған екі адамның құжаттарын тіркемеді.

Еске салайық, Қазақстан президенті сайлауы 26 сәуірде өтеді.

Тоңжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ