Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Керекуліктер де күннің тұтылуын тамашалады

AstanaTV
20.03.2015ж. 20:00
1600
Керекуліктер де күннің тұтылуын тамашалады

Бүгін табиғатта бірегей құбылыс болды. Жер шарының басым бөлігінде жұрт күн тұтылысын тамашалады. Айдың күнді көлегейлегенін Қазақстанның солтүстік өңірлерінің тұрғындары шамамен күндізгі сағат 3 пен 5-тің аралығында байқады. Ал еліміздің оңтүстігінде бұл құбылысты көру қиынға соқты. Тұтылыс небары 8 пайызды құраған. Күн мен Түн теңесер мезгіл қарсаңында болған құбылысты Павлодардағы  тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы да қызықтады.

Табиғаттың ерекше құбылысына кейбір керекуліктер кәдімгідей дайындалыпты.  Күннің тұтылуын жақсылап көру үшін, олар арнайы көзілдірік киіп, қара түсті шыны әзірлеген. Осылайша табиғаттың бірегей құбылысын қалт жібермей, бақылады.

Асыға күткен сәт Павлодарда 16 сағат 50 минутта басталды. Күннің оң жақ бетін қара дақ тұмшалай түсті. Астрономдардың айтуынша, Павлодарда тұтылыс шамамен 30 пайызды құраған, яғни Ай Күннің тек осынша бөлігін көлегейледі. 15 минутқа  созылған құбылыс кезінде күн сәулесі көмескеленіп, қалада шамалы қараңғылық орнады.

Осы табиғаттың құбылысы сондай ғажап, сондай керемет. Енді келесі осындай құбылысты тағы да күтеміз. Қызықты өте, қарағанда.

Еуропа елдері Күн тұтылуына кедергі келтірмес үшін, бірнеше әуе кемесінің бағытын өзгерткен. Есесіне жолаушылар табиғаттың ғажайып құбылысын көруге мүмкіндік алған. 

Ал керекулік балғындарға ғарыштың ғаламаттарын тамашалау үшін, арнайы көзілдірік қажет емес. Оларға бар болғаны Михаил Катаев атындағы оқушылар сарайына бару керек. Жарты жыл бұрын ашылған планетарий - бүгінде жеткіншектердің сүйікті орындарының бірі.

Зарина Абылханова:

Біз фильм көрдік, маған ұнады. Анда күшті болды. Ғарышты көрдім, жұлдызды көрдім.

Мұнда сандық кинотеатр арқылы балалар сиқырлы ғарыш әлеміне саяхаттайды. Көрсетілімдер 3Д форматында көрсетіледі. Ұстаздарының айтуынша, планетарийге келетіндер «Астрономия», «Физика», «Биология» және «Геология» тақырыбындағы фильмдерді қызыға көреді. Төбедегі экранның дөңгеленіп келуі көрерменге ерекше әсер қалдырады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ