Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оралда жауапсыз жол салушылар жазасын алды

AstanaTV
26.03.2015ж. 10:00
1250
Оралда жауапсыз жол салушылар жазасын алды

Батыс Қазақстан облысында жол құрылысында жауапсыздық танытқан компаниялар жазаланды. Біреуінің техникасы тәркіленсе, енді бірі сот алдында жауап бермек. Жол салуда сапаны ұмытқандардың тағы бірі бұл кемшілікті түзеуге міндеттеліпті.

Қазір Орал қаласындағы қалаішілік жолдардың ой-шұқыры көп. Бұл әр көктем сайын әшкереленетін жайт. Салынған жаңа жол кемінде 2 жылға шыдауы тиіс. Алайда аймақтағы жолдар жарты жылда тозып кетеді.

Енді өз ісіне салғырт қараған мекемелер «қара тізімге» ілігіп, болашақта тендерлерге қатыстырылмайды. Осылай мәлімдеген қала әкімінің орынбасары биыл Оралда 36 шақырым жол салу үшін 3,5 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

Ғалым Орынғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Мемлекеттік комиссия қабылдаған жолдардың екі жыл кепілдік мерзімі бар. Егер жолдың сапасы нашар болса, мердігер мекеме бұл кемшілікті өз есебінен түзейді. Арадағы келісім осындай.

Дегенмен, заң алдында жауапқа тартылатын мердігерлер де бар. Осылай шектен шыққандардың алды сотқа шақырылуда. Аудан жолдарын сапасыз салып, қазына қаржысын талан-таражға салғандардың орнына енді басқа жауапты компаниялар іздестірілмек.

Марат Қуанышқалиев, БҚО Автокөлік жолдары және жолаушы көлігі басқармасының басшысы:

Облыстағы Қаратөбе ауданының жолын «Атыраумұнайгазсервис» және «Энерджи компани» ЖШС салды. Жол салып жатқан кейіп танытқан бұл алматылық фирмалар бюджеттен бөлінген ақшаны бас пайдасына жаратыпты. Оларды сотқа беріп, қаражатты кері қайтаруға қол жеткіздік. Енді олардың кеңселері жабылып, пәтерлері мен көліктері сот шешімімен тартып алынады.

Еркін КАРИН