$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Атырауда терможаңғыртудан өткен көп қабатты үйдің жертөлесі суға толып тұр

AstanaTV
27.03.2015ж. 20:00
1685
Атырауда терможаңғыртудан өткен көп қабатты үйдің жертөлесі суға толып тұр

Атырауда күрделі жөндеуден өткен көп қабатты үй тұрғындары арнамызға шағымданды. Олар жаңғырту бағдарламасы бойынша сапасыз орындалған жөндеу жұмыстары үшін ақы төлеуден бас тартып отыр. Жалпы бұл дау сотта қаралып, жөндеуге жұмсалған қаржыны тұрғындардың жалақысы мен зейнетақысынан ұстап қалуға шешім шығарылған. Аймақтағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы тараптардың пікірін тыңдады. 

Жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары Абай Құнанбаев көшесіндегі 20-шы үйде, 2012 жылдың аяғында басталған. Тұрғындардың қолындағы келісімшартта көрсетілгендей, тұрғын үйді жөндеу 33 млн 454 мың теңгеге бағаланды. 2013 жылдың жазында құрылыс толықтай аяқталған. Ізінше қабырғадағы сылақтар түсіп, жертөле қайтадан кәріз суына толды - дейді үй тұрғындары.

Гүлжан Боранова:

Жертөлені қараңыздар. Егеуқұйрықтар жүгіріп жүр. Белуардан су.Оған ешкім кіре алмайды. Кәріз жүйесі құбыры мүлде ауыстырылған жоқ.

«Күрделі жөндеу жасалады» дегенде алғашқы болып қуанғандардың бірі - бесінші қабатта тұратын Алтын апа. Шатыр жөнделсе, төбеден аққан су тыйылады, деп ойлаған. «Алайда жөндеу жасалғанымен өзгеріс байқамадым», - дейді зейнеткер.


Алтын Жаңабергенова:

Қабырғамыз ас үй, қонақ бөлме, жатын, балалар бөлмесі - бәрі көгереді. Көкпеңбек боп су ағып тұрады қыстың күні. Тек 2 апта сайын үнемі ақтап, белизнаны езіп, сонымен жуып тұрамыз. Шатырды жасады, пайда жоқ.

Бұл баспанаға қайта жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне «Атырау» ӘКК жауапты болатын. Ондағылар «жоспарлы жұмыстар толықтай атқарылды» дегеннен танар емес. «Үй орналасқан аумақтағы кәріз жүйесінде ақау бар. Кінәрат содан болып отыр», - деді корпорацияның департамент директоры.

Серік Кенжеғұлов, «Атырау» ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды ұйымдастыру департаменті директоры:

Қазір халықтан көп шағым түсіп жатыр жертөлеге байланысты. Жөндеу жасалған кезде ол тап-таза болатын. Бірақ кәріз жүйесі сорып үлгере алмаған соң, лас су жертөлеге қайта толып жатыр. Ал шатыр жөнделді. Су ақпайды. Комиссиямен барып, анықтадық. Ылғал тартып тұратыны бұрыннан бар ғой. Бұл үй қазынаның қаржысына жөнделді. Сондықтан тұрғындар ол қаржыны 10 жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Ал «Атырау су арнасы» мамандарының өз айтары бар. Олар «орталық кәріз жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр», - дейді.

Виктор Сущенко, «Атырау су арнасы» КМК директорының орынбасары:

Су арнасының орталық желісі жұмыс істеп тұр. Жертөлені өзім көріп, суретке түсіріп алдым. Құбырдан аздап су кетіп тұр. Егер бұл жұмысты атқарғандар дұрыстап жөндеп жіберсе, құп-құрғақ болуы тиіс.

Корпорация қаржы төлеуге асықпаған тұрғындарды сотқа беріп, 2014 жылдың тамызында жеңіске жеткен. Ал наурыздан бастап 100 пәтерлік үйдің тұрғындары зейнетақы мен жалақысын толық ала алмай отыр. Қалалық сот шешімімен пәтер иелерінің жаңғырту жұмыстары үшін төлеуі тиіс ақысы есеп-шоттарынан ұстала бастапты.

Қарашаш Зинуллина:

32 мыңның 14-15 мыңын ұстап қалды. Сот орындаушылар ескерту жібермей ме? Бірнеше пенсионердің ақшасын сөйтіп отыр. Осы үйдегі 65-70-75 жастағы зейнеткерлер мынадай етіп ақтап-сырлағанға ақшасын азайтсын.

Құрылысты жүргізген «КаспийСтройМонтаж» компаниясын табу мүмкін болмады. Ал күрделі жөндеуден өткеніне екі жыл да болмаған үйдің ендігі тағдырына кім жауап берері белгісіз.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ