Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарымен Қарағанды облысына барды

AstanaTV
27.03.2015ж. 20:00
950
Кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарымен Қарағанды облысына барды

Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарымен өңірлерді аралауға кірісті. Алғашқы аймақ ретінде еліміздің индустрия орталығы - Қарағанды облысы таңдалды. Себебі де жоқ емес. Дәл осы өңірде ұлт көшбасшысының еңбек жолы басталғаны мәлім. Толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Соңғы 5 жыл ішінде Қарағанды облысында 59 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 5 мыңнан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. «Бұл іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы»,- дейді қарағандылықтар. Жергілікті жұрт Ұлт көшбасшысының еңбек жолы дәл осы киелі кеншілер қаласынан басталғанын мақтан тұтады. Олар елді тек мықты лидер басқаруы тиіс дейді.

Дулат Өміртай, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Т.Күзембаев атындағы шахта қызметкері:

Біздің Елбасымыз әлемдегі дағдарыстарға және көрші елдердегі халықтарда соғыстарға қарамастан, біздің жағдайымызды жақсарта береді. Сондықтан біз, кеншілер, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бірауыздан дауыс беруге шақырамыз.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, президенттікке кандидат Н. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы жетекшісі:

Сіздер тәуелсіздік жылдары әрқашан Елбасының тірегі ретінде үнемі қолдаудың ең жоғары көрсеткішін көрсетіп келесіздер. Ендеше алдағы сайлауда да осы тамаша дәстүрді сақтап Қарағандыда шар болаттай шыңдалып өскен бүгінде бүкіл әлем таныған, мойындаған, құрметтеген Елбасымызды жақтап дауыс беретіндеріңізге кәміл сенемін.

Айта өтейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдерінің басым бөлігі - Қарағанды облысының тумалары. Олардың арасында қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, генерал Мұхтар Алтынбаев, академик Төрегелді Шарманов, экс -әкім Мәжит Есенбаев сынды тұлғалар бар.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мен әскери адаммын. Сондықтан турасын айтамын. Егер біздің Елбасымыз болмаса, дәл бүгінгідей Қазақстан да болмас еді.

Бір тәулік ішінде республикалық қоғамдық штаб мүшелері өңір белсенділері мен жастардың және кәсіпкерлердің басын қосты. Мұнан бөлек «Арселор Миталл Темиртау» кәсіпорнының кеншілерімен, этномәдени бірлестік өкілдерімен келелі кездесулер өткізді. Мыңдаған адам бір ауыздан президенттікке үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Бір айдың көлемінде республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірлеріне ат басын тірейді. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА