$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Егіс алқаптарын игермеген шаруалардың жерлері тартылып алынбақ

AstanaTV
31.03.2015ж. 20:00
2051
Егіс алқаптарын игермеген шаруалардың жерлері тартылып алынбақ

Азын аулақ жерін жыртып, күнін көріп жүрген шаруаларға тықыр таянды. Енді қолда бар гектарларын құнарландырмағандар ол жерден айырылып қалуы мүмкін. Жер кодексіне енген өзгерістерге сай, мемлекет игерудегі құнарсыз жерді мәжбүрлі түрде өз меншігіне қайтарады. Одан соң жер тендер арқылы құжаттары дұрыс шаруаларға таратылады.

«Бұл қажетті шара», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі агрохимиялық қызметінің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Ерболат Бәзілжанов. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 24 млн 200 мың га егіс алқабы бар. Олардың 70 пайыздан астамына жүргізілген зерттеу жердің құнарлылығы төмендеп жатқанын көрсеткен.

Соңғы 25 жылда гумус құрамы жоғары жерлер 16 млн гектардан 255 мың гектарға дейін төмендеген. Ал шаруалар жағдайды түзеуге асықпайтын көрінеді. Республика бойынша барлығы 1 млн 500 мың тонна тыңайтқыш керек екен. Ал құнарлы минералдарды шағаратын зауыттарға түсетін сұраныс 100-200 мың тонна шамасында ғана. 

Ерболат Бәзілжанов, ҚР АШМ агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы директоры:

«Қазазот» Ақтауда, «Қазфосфат» Жамбылда. Екі зауыттың да шығаратын жағдайы жетіп жатыр. Екеуі де шығаруы мүмкін. Бірақ көбі тыңайтықыш Қытай, басқа мемлекетке кетіп жатыр. Ешкім алып жатқан жоқ. Сұраныс жоқ.

Жер құнарлылығы енді 5-7 жыл сайын тексеріліп тұрмақ. Бұған дейін мемлекет меншігіне құнарсыздығы үшін бір де бір гектар қайтарылмаған. Олқы кеткен жұмыс енді ғана қолға алынып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, егістікті тиімді пайдалану үшін, шаруаларға бірігу керек деген кеңес айтты. Өйткені жердің берекесін қашырып отырған шағын шаруалар көрінеді. 

Ерболат Бәзілжанов, ҚР АШМ агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы директоры:

Тек бір адам комбайн сатып алады, трактор сатып алады, егетін, барлық техниканы алу үшін оған шамасы жетпейді. Бір гектармен, жарты гектармен олар ештеңе істей алмайды. Сондықтан олар қосылу керек. Құнарлығы құрып бара жатқаны мына кішкентай-кішкентай шаруашылықтар шамасы жетпей. Сол болмас үшін біз айтып отырмыз, кооперация - қосылу керек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ