$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қарағанды шахтерлары құтқарушысыз қалды

AstanaTV
31.03.2015ж. 20:00
1321
Қарағанды шахтерлары құтқарушысыз қалды

Қарағандылық 15 мың шахтер құтқарушыларсыз қалуы мүмкін. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы шахталардағы қауіпсіздікті бақылайтын «Көмір» әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінен бас тартты. Бұл туралы арнамыздың аймақтағы тілшілеріне аталған қызмет өкілдері шағымданды. Олардың сөзіне сенсек, шетелдік магнат құтқарушылар есебінен қаржы үнемдемек. Есесіне 500-ге жуық құтқарушы жұмыссыз қалды. Негізгі тапсырыс беруші - «Арселор Миттал Теміртау» еңбек келісімінің ақысына келісе алмаған. Айжан Қуаштың репортажы.

30 жылдық тәжірибесі бар құтқарушы Сергей Куликов сәуірдің басында жұмыстан қысқартылуы мүмкін. Ол хабарламаны наурыздың басында алған. Қазір жұмыс орнын қия алмай жүр. Қолданылмай бос тұрған қондырғыларын күн сайын тексеріп қояды.

Сергей Куликов, «Көмір» ӘАҚҚ» Қарағанды облыстық филиалының құтқарушысы:

Бәріміз бір кісідей, «мәселе шешілсе» екен деп тілейміз. Құтқару қызметін сақтап қалу керек. Адамдар жылдар бойы жер астындағы өртті сөндіріп, газды сыртқа шығарып, бөгет қоюды үйренді. Мұндай тәжірибелі мамандар табылмайды.

«Көмір» әскерилендірілген апаттан құтқару қызметінің облыстық филиалы директоры, сәуірде 500-ге жуық маманның қысқартылуы мүмкін екенін, айтады. Директордың айтуынша, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы биыл небәрі 600 миллион теңгеге қызмет көрсетуді ұсынған. Бұл көрсеткіш - өткен жылғы тапсырыстың тең жартысы.

Геннадий Силинский, «Көмір» ӘАҚҚ» Қарағанды облыстық филиалының директоры:

Компания ұсынып отырған қаражат апаттық-құтқару құрылымын сақтауға жетпейді. Ақшаны аз төлегенмен, жұмыс көлемін бұрынғыша орындауды талап етіп отыр. Ондай қаржыға бүкіл қызметті қамту мүмкін емес. Қазірдің өзінде жалақы төлей алмағандықтан, барлық жұмыскерлерді төлемсіз еңбек демалысына жібердік.

Металлургиялық компанияның тосын шешімінен құтқарушылар ғана емес, кеншілер де жапа шегуде. Қазір Митталға қарасты шахталар мен байыту фабрикасы 20 күн бойы мамандардың қадағалауынсыз жұмыс істеп тұр. Құтқарушылар шахталардағы метан деңгейін тексеріп, соққы алған кеншілерге жер астында дәрігерлік көмек көрсетіп келген.

Михайл Ваганов, «Көмір» ӘАҚҚ» Қарағанды облыстық филиалының құтқарушысы:

Шартты монополист қойып отыр. Әдеттегідей жұмыскерлер қорғаусыз қалды. Бұл шекараны ашып қойып, кім, қайда шабуылдаса да, өзі білсін деумен тең. Шахтерларға қауіп төніп тұр. Апат айтып келмейді. Қиын сәтте оларды біз құтқаратынбыз. Енді көмекке кім келеді?

Бұл мәселе прокуратура мен облыс әкімдігіне де таныс. Алайда әзірге шешілген жоқ. «Көмір» апаттан құтқару қызметінің Шахтинск қаласындағы бөлімі жабылып үлгерді. Біз «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына мұндай қадамға баруға не себеп болғанын түсіндірді жазбаша сұрадық. Олар жуық арада жауап береміз деп уәде етті.

Айжан ҚУАШ