$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Елбасының жұмыс сапары Ақтөбе облысында жалғасты

AstanaTV
03.04.2015ж. 20:00
1162
Елбасының жұмыс сапары Ақтөбе облысында жалғасты

Елбасы Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында аймақта жаңадан іске қосылғалы тұрған рельс арқалығы зауытының жұмысымен танысты. Орталық Азия аймағында баламасы жоқ бұл кәсіпорын теміржол саласына соны дем беруі тиіс. Зауыт жылына 430 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете отырып, экспортқа да шығармақ.

Зауыт директоры Андрей Кузьмин «бүгінгі күннің өзінде 13 келісімшартқа қол қойдық» дейді. Жыл соңына дейін алғашқы тауар шығаруды көздеп отырған мекеме 286 мың тонна рельс пен оның арқалығына тапсырыс алған. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамынан өзге шетелдік компаниялар да қызығушылық білдіріп отыр.

Андрей Кузьмин, Ақтөбе рельс арқалығы зауытының бас директоры:

Бұл зауыттың өнімдері әлемдегі ең үздіктердің бірі болады. 120 метрлік рельстер кез-келген ауа температурасына төтеп береді. Қозғалыс көп болатын темір жол станцияларында пайдалануға мүмкіндік береді. Ішкі нарықпен қатар жақын шетелден де тапсырыстар бар.

Елбасы жаңа зауыт «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда орны ерекше болатындығын баса айтты. Темір жол құрылысын жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету, ол  жұмсалатын шығын көлемін бірнеше есе азайтатынын тілге тиек етті. «Одан бөлек жергілікті халықтың жұмыс табуына мүмкіндік бермек», - деді. Толықтай іске қосылмаған зауытта қазірдің өзінде 300 адам еңбек етуде. Болашақта жұмысшылар саны 800-ге жуықтайды. 


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл біздің индустриялық саясатымыздың ең үздік мекемесі болады. Мұндай зауыт Қазақстанда болған жоқ. Мұндай өндіріс Қазақстанде ешқашан шығарылған жоқ. Сырттан әкеліп отырдық. Енді өркендеп, өсіп отырған Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасын қамтамасыз етуге осы зауыттың орны өте үлкен болады. Ақтөбенің экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізетін болады.

Мансұр ЕСҚОЖИН