$499.51 €525.83 ₽4.62
×

ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың сайлауалды штабы жұмысын жалғастыруда

AstanaTV
06.04.2015ж. 20:00
1373
ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың сайлауалды штабы жұмысын жалғастыруда

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында Астанадағы республикалық штаб өкілдерімен кездесіп, атқарылған шараларды пысықтады. Үміткердің сайлауалды штабы өкілдері Алматыда да белсенді жұмыс атқаруда. Олар кезекті рет бас қосып, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын талқылады. 

«Жаппай компьютерленген қоғамда, әсіресе батыстың электронды БАҚ-тары қоғам санасын жаулап барады. Бұдан адамдар арасындағы қарым-қатынас азайып, мәдениет тоқырауға ұшырайды». Коммунистер пікірі осыған саяды. «Батыстың мәдениеті - шын мәнінде көзбояушылық», - дейді кандидат жақтастары. Өйткені әсіресе заманауиланған қоғамда адамдар адамгершілік қасиеттерден жұрдай. Ол қасиет техникаға жұтылып кетуде. Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитеті төрағасы, кандидат Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, батыс қоғамында өмірдің мәні жеке бастың қамынан әрі аспайды.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Алматы қалалық сайлауалды штабы жетекшісі:

Қалалық сайлауалды штабының басты жұмыстарының бірі - халықпен кездесу, әртүрлі шараларды ұйымдастыру. Тұғырнаманың ішіндегі басты мәселелердің бірі тікелей маркстік-лениндік идеяларға бағытталған.

Кандидат Тұрғын Сыздықовтың өзі Қостанайдан Астанаға оралды.

Бұған дейін ол бірқатар өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесті. Үміткер бірден елордадағы республикалық штабқа аялдады.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Мен Астанада, Көкшетау, Петропавл мен Қостанайда бірқатар кездесулер өткіздім. Студенттермен, оқытушылармен, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу кезінде партияның қызметі жайында, өзімнің сайлауалды бағдарламам жайында әңгімелестім.

Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында батыстың лезде дайын болатын тағамын тұтынбау жайына ерекше орын берілген. Фаст-фудпен тамақтану ұрпақтың генотипіне келеңсіз әсер етуі мүмкін.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Коммунистік платформаны жетілдіру мәселесін қозғадым. Көзқарастарымызды қазіргі заман талабына сәйкес келмейді дегенді айтты. Мен оларға ғылыми коммунизм классиктерінің сөздерін мысал ретінде айтып, жауап бердім.

Штаб белсенділері сайлаушыларға марксизм-ленинизм ұғымдарын да түсіндіріп жүр. Кандидат штабы өз жұмысын өзге өңірлерде жалғастыруға дайын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ