$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктер алмас өндіруі мүмкін

AstanaTV
06.04.2015ж. 20:00
1015
Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктер алмас өндіруі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктер алмас өндіруі мүмкін. Челябі облысына жұмыс сапарымен барған қызылжарлық делегация өкілдері бағалы тастар шығатын кен орындары бар екенін айтып, ресейлік кәсіпкерлерді тың жобалар ашуға шақырған.

Өткен ғасырдың екінші жартысында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында, аймақтағы 3 елді мекеннен алмас тастар табылған. Оның екеуі техникалық тастарға жатса, үшінші кен орнынан зергерлік бұйымдарға лайықты тастар алуға болады. "Бірақ, бағалы материалдардың басым бөлігі ұсақ", - дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Александр Иванищев. Ол табылған тастардың ең үлкені 3 миллиметрді ғана құрайтынын айтты.

Александр Иванищев, СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Біз Челябіде ірі инвесторлармен кездесіп, оларды Солтүстік Қазақстан облысындағы кен орындарын дамытуға шақырдық. Алмаздарды өндіру жобалары қызықтырып отыр. Бірақ бірден ынта білдірген нақты инвестор болған жоқ. Дегенмен, ниет танытқан кәсіп иелері табылады деп ойлаймын.

Теріскейде бағалы тастардың барын геолог-мамандар да растап отыр. Жергілікті университет оқытушысы Светлана Водопьянованың пайымдауынша, бірнеше миллион жыл бұрын Көкшетау тауларында жанартау атқылап, табиғи минералдар жан-жаққа тараған. Соның бір бөлігі Қызылжар өңірінің оңтүстік жағына да жеткен. Кеңес Одағы кезінде арнайы экспедиция бұл аймақты зерттеп, алмастарды тапқанымен, кен орнының көлемін анықтап үлгермеді,- дейді тәжірибелі маман. 

Светалана Водопьянова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ география- геология пәнінің оқытушысы:

Бұл кен орындары 1993 жылы ашылды. Бірақ кейін тоқырау заманы басталып кетті де, зерттеу жұмыстары аяқсыз қалды. Сондықтан бұл жерде бағалы тастардың қаншалықты көп кездесетіні, қандай тереңдікте жатқандығы әзірге белгісіз.

Абзал ҚҰРМАНКИН