Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылордада 585 көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді

AstanaTV
07.04.2015ж. 20:00
1101
Қызылордада 585 көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді

Қызылордадағы көп қабатты үй тұрғындары жаңғырту бағдарламасына ілекпегендері үшін наразы. Айтуларынша, іргетасы қаланғанына 34 жыл болған баспаналары бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Күрделі жөндеу туралы жергілікті билікпен келісім болғанымен, жұмыстары кейінге қалдырылған. Оған не себеп болғанын әріптесім Шарипа Сақтапова білуге тырысты.

Райхан Тұрлыбекова - Бөкейханов көшесіндегі 66-шы үйдің байырғы тұрғындарының бірі. Оның бірінші қабаттағы пәтері жертөледен көтерілген ыстық будан ыза болып кеткен. «Жыл сайын жылу маусымы басталғанда, еденіміз көтеріліп кетеді, бүгінде тіпті ағаштары шіри бастады», - дейді. 

Райхан Тұрлыбекова:

Мынау полымыздың бәрі астына түсіп кетейін деп тұр, бала-шаға бар, қай күні түсетінімізді, Құдай біледі.

Тұрғындардың айтуынша, жертөлеге толған судан бес қабатты үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырап тұр. Шындығында баспананың қабырғалары көгеріп кеткен, жағымсыз иіс бар. Жұрт ылғал тартқан пәтерден ауру табамыз ба, деп алаңдаулы.

Ольга  Мытник:

Жертөледегі құбырларды сырлап, үйді өз қалтамыздан қаражат шығарып, жөндетеміз. Нәтиже шамалы. Жаңғырту бағдарламасына енеміз деп қанша қол қойып, құжат жинағанмен де, жөнделмей жатыр.

Жаңғырту бағдарламасы аясында өткізілетін күрделі жөндеуге барлық 65 пәтердің иелері келісім берген. Былтыр шенеуніктер  тізімге ендіңдер, деп бір қуантып тастаған еді. Алайда жуырда ол тізімді қараған тұрғындар одан өз үйлерін таппапты.

Мариамкүл Ермаханова:

2014 жылы жетінші болып кіріп тұрсыңдар тізімге, деді, бізге тізімді көрсетті, тұрғын үй инспекциясының басшысы. Енді кешегі 1 апрель күні бардық, сендер 2015 жылға ешқандай модернизацияға кірген жоқсындар деді. Сөйтіп бізді шығарып салды. Ешқандай ремонт жоқ, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады.

66-шы үйдің неліктен бұл тізімнен түсіп қалғанын, жаңғырту бағдарламасын іске асырушы мекеме өкілі де дөп басып айта алмады. Десе де, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бұл үйге күрделі жөндеу жасалады деп сендірді.

Нұрлан Ахметжанов, «Тұрғын үй Қызылорда» ЖШС директорының орынбасары:

Жаңғырту бағдарламасына үй енгізілген, айтып тұрмын ғой, енгізілген. Енді қаржы мәселесіне байланысты, егер республикалық бюджеттен бөлінген жағдайда, олар 2016 жылы жөнделеді. Ал қаржы мәселесі шешілмесе, онда 2016-2017 жылдарға кіргізіледі.

Жалпы, аталған мекеменің дерегінше, Қызылордада 585 көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 257 миллион теңгеге 15 үй жөнделмек. Ал Бөкейханов көшесіндегі 66-шы үй болса, 2016 жылға сырғытылуы мүмкін. 

Шарипа САҚТАПОВА 


Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық