«Павлодар-Астана» республикалық тас жолының құрылысына қатысқан бір топ
кәсіпкер еңбекақысын ала алмай жүр. Олар 50-ге жуық КамАЗ жүргізушісінің
қордаланған қарыз көлемі 20 млн теңгеге жақындап қалғанын айтады. Олар өткен
жылдың мамыры мен қазан аралығында тас жол құрылысына қажетті заттарды тасыпты.
Тапсырыс берушінің талабына сай, бар қызметті атқарған жүргізушілердің бірі
3 айдан бері, енді бірі атқарған жұмысына көк тиын алмағанын айтып отыр. Көлік
жүгізушілердің айтуынша, берешектің мөлшері әр қилы - 300 мың теңгеден, 3 млн
теңгеге дейін жетеді.
Жамбыл Бейсенбеков, жеке кәсіпкер:
Бәріміздің отбасымыз бар. Сол еңбекке қарап отырмыз. Ақша табамыз, еңбек
табамыз деген оймен жұмыс істегенбіз. Ол шықпады. Август айынан бері міне
ешкімде бір тиын төлеген жоқ.
Әліптің артын бақсақ, тұңғиық тереңде екен. Камаз жүргізушілерін
кәсіпкерлер жалдаған. Ал, кәсіпкерлер «КазИнтерСтройПроект» серіктестігімен
келім-шарт жасасқандарын айтып отыр.
Алайда, бұл фирманың өзі де жалдамалы жұмыс қолы болып шықты. Оларды «Kинка
Груп» деген компания жалдапты. Аталған компания өкілі өздерінің де «жауапсыз
жабдықтаушының құрбанына» айналғанын айтты. «Бірнеше ай болды, бас мердігер
компания белгісіз себептермен ақша аударуды тоқтатты» - дейді.
Есілбек Мырзабаев, «Kinka group» ЖШС участок басшысы:
Біз бас мердігер «АБК Автодор НС» басшылығына талай рет шықтық. Барлық
атқарылған құжаттарды жібердік. Соның негізінде басшылық бір шешім қабылдау
керек болатын. Алайда, бүгінге дейін ешқандай нәтиже болмай тұр. Сондықтан,
берешекті өндіріп алу үшін Астана қаласының экономикалық сотына шағымданбақ
ойдамыз.
Әсем МҰХИТОВА