Атырауда тұрақтандыру қорын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуі тиісті бес
шаруа қожалығы өткен жылғы міндеттерін орындай алмаған. Олар бюджет қаржысын
алса да, өнімдер шықпай қалғанын сылтауратып, тұрақтандыру қорына өнім
әкелмеген. Бұл туралы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына арналған баспасөз
мәслихатында айтылды.
Аймақтағы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дерегінше, 5
шаруашылықтың берешегі 28 миллион 566 мың тенге. «Олардан қаржы өндірумен сот
орындары айналысып жатыр», -деді аталған корпорацияның төрағасы Абат Тасымов.
Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін, биылғы жылдан бастап шаруалармен
келісім-шартқа өзгеріс енгізіліпті. Енді тұрақтандыру қорына өнімін өткізгісі
келетін шаруалар, алдымен кепіл ретінде, мүлік қоюы тиіс екені ескертілді.
Абат Тасымов, ««АТЫРАУ» ӘКК ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Тұрақтандыру қорына тауарды түрлі себептермен тасымалдамау былтыр да, одан
бұрыңғы жылда да болды. Сондықтан оның алдын алу үшін кепіл мүлік қою тәртібін
енгіздік. Шаруаға қаржы берілмес бұрын кепіл алынады, содан соң ғана келісімге
көшеміз. Егін егеді, күзде жиып, өнімді тапсырады, сосын қалған 30 пайыз соманы
алады. Сонда кепіл мүлік толықтай кері қайтарылады.
Абай Тасымовтың айтуынша, «бұрын шаруалардан ауыл шаруашылық өнімдері
фючерстік шарт негізінде сатып алынса, енді биылдан бастап жергілікті нарықта
реттелетін форвардтық шартқа көшірілмек». Ол бұл тәсіл жергілікті тауар
өндірушілерді қолдаудың бір жолы екенін айтты.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, биыл облыстың тұрақтандыру қорына
3 мың 100 тоннаның өнімін сатып алу көзделіп отыр. Оның 2 мың тоннасы картоп,
қалғандары сәбіз, пияз, қырыққабат және қызылша болмақ.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ