Көп жылдық санкциялардан
арылған Иран Еуропаға табиғи газ экпорттауға ниетті. Ал Түркия бұл жобаға
қолдау көрсетіп, өз аумағынан жол ашып
беруге әзір. Түрік президенті Реджеп Тайып Ердоған ислам республикасына жасаған
сапарында осыны мәлімдеді. Тараптар кездесу кезінде әңгіменің әлқиссасын дәл
осы көгілдір отыннан бастады. Өйткені Иран газының 90-95 пайызын тұтынатын
Түркия үшін, газ бағасы соңғы жылдары тым қымбаттап кеткен. Бірақ бұл «сіздерден
бас тартамыз деген сөз емес, келісімге келсек, жеңілдік жасайды деген үмітпен
келдім» деді Ердоған. Егер тауар бағасы төмендесе, сұраныс бүгінгіден де жоғары
болмақ.
Соңғы жылдары Иран мен
Түркияның экономикалық байланысы тым бәсеңдеп кеткен. Бұны екі ел басшысы да
мойындап отыр. Мәселен, жылына 30 млрд АҚШ долларына жоспарланған тауар айналымы
бүгінде 14 млрд доллардан әрі аспай тұрғанын атап өтті.
«Арамызда алтын көпір орнау үшін
дін мен мазхабқа бөлінбейік. Керісінше, көршіміз Сирия мен Ирактағы қантөгісті
бауыр ретінде тоқтауға үндеймін», - деді Ердоған Иран президенті Хасан Роуханимен кездесуде.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия
президенті:
Экономика, мәдениет, туризм - барлық салаға басымдық берсек, деймін. Сондай-ақ, АҚШ долларына, Еуропаның
еуросына тәуілді болмай, екі ел арасындағы сауда-саттықты өзіміздің валютамен
жүргізсек деген ұсынысым бар.
Иран ядролық тақырыпта АҚШ және батыстық әріптестерімен келісімге келіп, енді Еуропаға қарай есігі ашылғаны
анық. Әсілі, табиғи газды Түркия арқылы кәрі құрлыққа жеткізсе, деген дәмесі
бар. Хасан Роуханидің бұл жоспарын Ердоған да ерсі көрмейтінін айтты. Ел-жұртты
елең еткізген бұл жаңалық түрік экономистерінің арасында пікір таластырып жатыр.
Түркия транзит болар-ау, бірақ қазірдің өзінде көршілер газ саудасында өзара келіспей де қалып
жатады.
Рамазан Солак, экономист:
Әрине, стратегиялық
жоба ретінде Түркияға пайдасы басым. Алайда, оның орындалу механизміне
қарауымыз қажет. Яғни қаншалықты мүмкін? Себебі екі ел бірнеше жылдан бері газ
бағасын реттей алмай жүр. Иран, қыс айларында күн суытса, бізге келетін газ
құбырын жауып тастайды.
Бірнеше айдан бері Ресейдің
көгілдір отынынан көз жазып қалған Еуропа елдерінде де бас тақырып осы. Естіген
бойда алғашқы болып бөркін аспанға атқан Грекия, Венгрия, Сербия және Македония
елдері. Ал бұл жаңалыққа Кремльдің реакциясы қандай болары анық, - дейді сарапшылар.
Рамазан Солак, экономист:
Естеріңізде болса, Ресей
президенті Путин жыл басында Анкараға жасаған сапарында Қара теңіз арқылы
өтетін «Түрік ағыны» атты жобаны ұсынған болатын. Яғни саяси себептермен
тұралап қалған «Оңтүстік ағын» жобасына балама ретінде ұсынды. Сондықтан Иран
газының тасымалына қатысты Ресейдің де өз дейтіні табылады.
Түріктің Жейхан ақпарат
агенттігі бүгін ресми Мәскеу Түркия мен Ресей арасындағы «Түрік ағыны»
жобасының жұмысын жылдамдатуға көшті деп жазуда.
Самат СҮЛЕЙ