$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Ливерпуль» командасы Англия кубогының жартылай финалына шықты

AstanaTV
09.04.2015ж. 20:00
1459
«Ливерпуль» командасы Англия кубогының жартылай финалына шықты

Перуде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты жалғасуда. 50 келіге дейін салмақ дәрежесінде сынға түскен Қазақстан спортшысы Игорь Сон алтыннан алқа тақты. Екі бағдарлама нәтижесі бойынша 208 келі зілтемірді басынан асырған отандасымыз әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.

Футболдан Англия кубогы жолындағы жарыста сынға түсіп жатқан «Ливерпуль» командасы жартылай финалға шықты. Ширек финалда Брендан Роджерстің шәкірттері «Блэкберн» клубын айналып өтті. Кездесу басынан алаң иелерінің қақпасына тап берген қонақтар екі мәрте есеп ашатын мүмкіндікке ие болды. Бірақ  Дениэл Старидж пен Лукас Лейва ұрымтал сәттен мүлт кетті. Қарымта шабуылға шыққан «Блэкберн» футболшылары да гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Бірақ Кернидің соққысын қақпашы қайтарды.

Дегенмен, үзілістен кейін табандылығымен танылған «Ливерпуль» командасы есеп ашты. Бұл сәтте мергендігімен танылған Филиппе Коутиньо командасын жартылай финалға алып шықты. Қалған уақытта алаң иелері есепті теңестіру үшін барын салды. Бірақ, қорғанысы сыр бермеген қонақтар жеңіс есебін ұстап қалды.



«Вашингтон» командасы тағы үш ұпайды олжалады. Бұған дейін «Детройт» клубының алдын орап кеткен Барри Троцтың шәкірттері бұл жолы «Бостон» хоккейшілерін қапы қалдырды. Кездесу басынан шабуылдарын үдеткен айдын иелері 2-0 есебімен алға шықты. Алдымен Джон Карлсон есеп ашса, артынан Мэтт Нисканен мергендігімен танылды. Екі шайбамен шектеліп қалмаған «Вашингтон» командасы үзілістен кейін есепті ұлғайтты. Бұл сәтте Маркус Йоханссон командаластарының қошеметіне бөленді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ