Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Павлодар облысының бірқатар ауылдары су тасқыны астында қалды

AstanaTV
13.04.2015ж. 13:00
2194
  Павлодар облысының бірқатар ауылдары су тасқыны астында қалды

Павлодар облысы Баянауыл ауданында да бірнеше ауыл тасқын астында қалды. Жергілікті биліктің мәліметінше, табиғи апаттан зардап шеккен Теңдік ауылында төтенше жағдай жарияланған. Жағдайға қатысты аумақта сағат сайын мониторинг жүргізілуде. Әсіресе, ауыл тұрғындарымен байланысты жоғалтып алмас үшін жұмыстың күшейтілгенін айтады, құтқарушылар. Дегенмен, ахуал тұрақтанып келеді. Теңдік ауылының тұрғыны Нұржан Шаринкин жұма күнгі түнді үреймен еске алады. Кенеттен көтерілген қар суы бұқараны әбігерге салыпты.  Дегенмен, апатты алдын алу шараларының жүргізілгенін де мойындайды. Бірақ, су екпінінің қатты келгені соншалықты, ешбір бөгет тосқауыл бола алмаған. Ылай су үй ішіне дейін кіріпті. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апаттан 10 баспана мен 9 қора-қопсыға шығын тиген. Екі жүздей мал айдалып, алты 6 отбасы қауіпсіз жерге жеткізілген. 

Нұржан Шаринкин - Теңдік ауылының тұрғыны&

Кешкілік уақытта, сегізде су көтеріліп кетті. Аяқ астынан, қараңғы түскен кезде. Қайда барарымызды білмей қалдық. Састық қатты. Алдында қапшық төсеп көмектесті. Құм әкеліп, сондай көмектер болды. Бірақ, биыл жылдағыдан қарағанда өте қатты келді.

Күн райының күрт жылынып кетуіне орай, Павлодар облысының бірнеше елді-мекенінде қар еруі байқалған. Осыған орай, Баянауыл, Лебяжі, Май және Шарбақты аудандарында апаттық-құтқару жұмыстары күшейтілген. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, Селеті су қоймасындағы судың көтерілуіне байланысты, ендігі күш Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылына жұмсалып отыр. Бүгін таңертең Тендік ауылы маңындағы көпір жырылды деген ақпарат тарады. Салдарынан Павлодар-Қарағанды республикалық тас жолының бір бөлігі су астында қалды. Дәл осындай ахуал Баянауыл-Майқайың тас жолында орын алды. Қалыпқа келтіру жұмыстары су деңгейі қайтқан соң жүргізілмек.

Әсем МҰХИТОВА