Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

ШҚО Абай ауданында жолдарды су шайып кеткен

AstanaTV
15.04.2015ж. 20:00
1578
ШҚО Абай ауданында жолдарды су шайып кеткен

Шығыс Қазақстан облысында тасқын су Привольное аулының көпірін шайып кетті. Бұл аздай, республикалық деңгейдегі екі жол жарамсыз болып қалды. Қазір құтқарушылар Абай ауданындағы Саржал ауылының тұрғындарын құтқаруға кірісті. Дегенмен, тау өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Бір кездегі шабындық-жайылымдық жерлер телегей теңізге айналған. Бесқарағай ауданының аумағындағы Ертіс өзенінен өте алмай кептетілген мұздың ұзындығы 5 шақырымға жетті. Сірескен сеңдерді жару үшін, кемінде тонналаған жарылғыш керек, дейді құтқарушылар.

Привольное ауылындағы көпірді су ағызып әкетті. Тұрғындардың сөзінше, күн күрт жылығасын, Қарасу өзені арнасынан асып, екі бөгетті бұзып кеткен. Осылайша, көлемі 1 миллион текше метрден асатын тас кесектері мен мұзды ағызып әкелген дүлей күшке, адамдар түгілі, ауыр техника да төтеп бере алмады.

Федор Самсоненко, Привольное ауылының тұрғыны:

Түгімізді қалдырмады. Біз бау-бақшамен жан бағып отырмыз. Енді айналаның барлығы ми батпақ, қалай күн көретінімізді де білмей отырмын.

Вот, чтобы такая история, такой не было, когда столбы улетели моментально, их унесло, и  деревья, и все полетело…


Привольное аулымен байланыс үзілгеніне бүгін төрт күннен асты. Қазір судың беті қайтып келеді. Ал ертең ауылды облыс орталығымен жалғайтын айналма жолдың құрылысы басталады. Абай ауданындағы жайылым жерлер  телегей-теңіз. Жолдарды су шайып, Саржал ауылының тұрғындары көрші ауылға көшірілді.

Александр Ломыгин, БҚО ТЖД басшысының орынбасары:

Бұл - соңғы 50 жылда болмаған апат. Мұндай сұмдықты тіпті көнекөз қарттар да көрмеген. Қазір су басқан ауылдың айналасы бекітілуде. 12 мың құмды қапшық төсеп, ауылды суға бермеудің қамына кірістік.

Ал Ертіс өзенінен ағып өте алмаған сеңнің ұзындығы 5 шақырымға жетті. Бұл мұз сынықтарын құтқарушылар ертең жарады. Сонда ғана Бесқарағай ауданындағы 20 ауыл бір қатерден аман қалмақ. Ал өскемендіктер апат аймағындағы ағайынға қол ұшын созып, жылы киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды жерлестеріне аттандыруда.

Вара Бармина, әлеуметтік дүкен менеджері:

Бұл заттарды қалалықтар өздері жинап әкелді. Жылы киімдер мен балалар киімдерін қиналған бауырларымызға жібереміз. Қазір олар бәріне мұқтаж.

Қазір төтенше жағдай жөніндегі қызметтің арнайы штабында өңірдегі өзен-көлдердегі су деңгейі сағат сайын тексеріледі. Дегенмен, табиғат-ана тосын мінез танытса, Шығыс Қазақстандағы 6 ауданның 40-тан астам ауылы су астында қалуы мүмкін.

Еркін КАРИН