$448.45 €501.59 ₽5.36

Ақмола тұрғынын 5 млн теңге береміз деп алдап, несие рәсімдеткен

Ақмола тұрғынын 5 млн теңге береміз деп алдап, несие рәсімдеткен
Фото: freepik

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында мал шаруашылығына қайтарымсыз қаржы алмақ болған әйел интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Алаяқтар оған 5 миллион теңге уәде етіп, 2 миллион теңгеден астам шығынға батырған, деп хабарлайды Astana TV.

Полиция мәліметінше, 25 қыркүйекте әйел Instagram желісінен мал шаруашылығын дамытуға қаржылай көмек беру туралы хабарландыру көрген. Кейін өзін қаржылық кеңесші ретінде таныстырған адам онымен байланысқа шыққан.

Алаяқ әйелге уәде етілген ақшаны алу үшін банктік қосымша арқылы 2 миллион теңгеге тауарлық несие рәсімдеу керегін айтқан. Сеніп қалған тұрғын қарыз алып, қаражатты белгісіз шоттарға аударған. Алайда уәде етілген 5 миллион теңге оған берілмеген.

Қазір аталған факті бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желідегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдардың нұсқауымен несие рәсімдемеуге және белгісіз шоттарға ақша аудармауға шақырады.