$520.93 €609.07 ₽6.68
×

ОҚО тұрғындары қарағандылықтарға көмек жинап жатыр

AstanaTV
16.04.2015ж. 13:00
1731
ОҚО тұрғындары қарағандылықтарға көмек жинап жатыр

Тасқын судан зардап шеккен қарағандылықтарға көмек қолын созудан шымкенттіктер де шет қалып жатқан жоқ. Қала тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай шама -шарқынша жылу жинап жатыр. Облыстық жастар орталығы әлеуметтік желі арқылы хабарлама таратып, оған құлақ түргендер аз емес. Таңертеңнен бастап айтылған орынға дорба көтерген еріктілер ағылып келуде. Бірі жылы киім әкелсе, енді бірі аяқ-киім, төсеніш, жамылғы секілді қажет деп санаған дүниелерін тапсыруда. Игілікті шараға ұйытқы болғандар тіпті, Оңтүстіктің жастарынан бөлек өзге қалалардан да белсенділер табылып жатқанын айтады. Табиғи апаттан қиындыққа тап болғандарға деп азық-түлік те жиылып жатыр.  Ақшалай көмек берем деушілер де бар екен. Қайырымдылық шарасы 5 күнге жалғаспақ.

Қарлығаш Кенжебаева, ерікті:

Біз бүгін ұжым болып өз жәрдемімізді беріп жатырмыз. Бұндай қарағандылықтарға туған күн әр адамның басына да туады. Сол үшін өзіміздің ағайын-туыс, бауырларға, құрбы жолдастардың бәріне хабарлама беріп жатырмыз. Барлығы да жәрдем беруге құлшынып отыр.

Ерлан Айтбаев - ОҚО Жастар орталығының директоры:

Енді біз 15-сәуір әлеуметтік жарнаманы бастадық. Бір риза болатын жеріміз ешкім бей-жай қарап жатқан жоқ. Тіпті жөнелтуге де  Қарағанды облысына апат болған елді-мекеннің өзіне жеткізуге біздің ерікті осы Оңтүстік тұрғындары хабарласып «менде осындай Газел автокөлігі бар, сонымен мен жеткізіп берсем, сол жағынан көмектессем деп бүгін міне хабарласып ұсыныстарын жасап  жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ