$537.91 €628.87 ₽6.6
×

Бір жылдан астам қамауда болған Павлодар облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісіне қатысты үкім шықты

AstanaTV
16.04.2015ж. 20:00
Бір жылдан астам қамауда болған Павлодар облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісіне қатысты үкім шықты

Бір жылдан астам қамауда болған Павлодар облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Төлеген Бәстеновке қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунік 3 жарым жылға бас бостандығынан айрылды. Ал бұл іске қатысты деген күдікпен айыпталған аймақ басшысының бұрынғы орынбасары Арслан Әбдіқалықов алдағы 5 жылын жалпы тәртіптегі колонияда өткізетін болды. Кереку жұртының аузынан түспеген сот процесі туралы Әсемгүл Мұхитқызы толығырақ.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа жиналғандардың қарасы қалың. Тілшілермен қоса, мұнда айыпталушылардың туған-туыстары  мен әріптестері бар. Бәрі бір айдан аса қаралған процестің шешімін күтуде. 

Төлеген Бәстенов пен Арслан Әбдіқалықовқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылды.  Алаяқтық дерегі бойынша экс-шенеуніктерге жаза тағайындалды. Сот залына емін-еркін кірген облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Арслан Әбдіқалықов сот залында кісенделді.

Әділет Бақтияров, Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы:

Әбдіқалықов Арслан Дәйкенұлы Қылмыстық кодекстің 24-ші бабының үшінші бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылсын. Мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өткізсін. Бастенов Төлеген Қаратайұлы осы бап бойынша айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға темір торға тоғытылады. Мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілсін.

Атышулы іс бойынша аты аталған семейлік кәсіпкер Заур Мансұров та 14 ай бойы қамауда болды. Бүгін соттың шешімімен оның қолынан кісен шешілді. Бірақ Мансұров үкімге сәйкес 87 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Дәл осындай жаза сыбайластары Ғизат Борамбаев пен Бекболат Апсалямовқа да тағайындалды. Олардың әрқайсысы 43 млн теңге төлеуі тиіс. Талапқа сәйкес, тиісті қаражатты айыпталушылар бір айдың ішінде өтеуі керек.

Наталья Лопатина, мемлекеттік айыптаушы:

Біз айыптарды толық көлемде қолдаймыз. Сот Бәстенов пен Әбіқалықовты бір эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Алайда, алаяқтық дәйегі бойынша жазаларын алды. Қалғандарының кваликациялары сол қалпында, қылмыстың бір бөлігі өзгерді. Сондықтан бап аса ауыр жазадан жай ауыр қылмыс болып ауысты. Айыппұлдың тағайындалуы да осыған байланысты. 

Осы іске қатысы бар деген экс-шенеуніктер мен оның сыбайластарының мүлкі тәркіленетін болды. Ал, сотталушылардың қорғаушылары үкімге қатысты камераға түсініктеме беруден бас тартты.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Еске салсақ, облыс әкімінің кеңесшісі Төлеген Бәстенов 2013 жылдың 10 желтоқсанында аса ірі көлемде пара алып тұрған жерінен құрықталған еді.  Осы оқиғадан кейін сол кездегі өңір басшысы Ерлан Арын өз еркімен қызметтен кеткен болатын. Үш айдан соң экс-әкімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жылға жуық созылған процесс өткен жылдың 26 қарашасында аяқталып, Ерлан Арын 3 жылға шартты түрде жаза алған болатын. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ