Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Үкімет топан судан зардап шеккен қарағандылықтарға 1 млрд теңге бөледі

AstanaTV
16.04.2015ж. 20:00
898
Үкімет топан судан зардап шеккен қарағандылықтарға 1 млрд теңге бөледі

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен қарағандылықтарға қаржылай қолдау көрсетпек. Тұрғындарды құтқару шаралары мен алғашқы шұғыл көмекке мемлекеттен 1 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Қарағанды облысының Ғабиден Мұстафин ауылына іссапармен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті. Ол тұрғындармен кездесіп, ешкім де баспанасыз қалмайды деп сендірді. Ал, арнайы комиссия шығын көлемін есептеуге кірісті. Толығырақ Айжан Қуаштың репортажында.

Мынау - Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин ауылы. Бұл ауылға топан су 3 күн бұрын келген еді. Күтпеген апат Евгенийдің шаңырағының да шырқын бұзды. Ол жұмыста жүргенде, үйін су алып кетіпті. Қашып шыққан қарт ата-анасы байлаулы сиырларын босатып та үлгермеген.

Евгений Өмірбаев, Ғ.Мұстафин ауылы тұрғыны:

Су басып кірген соң, әке-шешем қашып шыққан. Үй құлағалы тұр. Мұнда тұрудың өзі қауіпті. Үкімет панасыз қалдырмас деп үміттенеміз.

Арнасынан тасыған Нұра өзені бұл ауылдағы 80-дей үйді жалмаған. Қазір су сорғызылып, жағдай ақырындап қалыпқа келе бастаған сияқты. Дегенмен, тұрғындар өтемақы мәселесіне алаңдаулы.

Өйткені бірнеше күн бойы суда тұрған үйлер сыр бере бастаған. Көбісі құлаудың шақ алдында. Су тасқынына қарсы арнайы штаб тасқын жайратып кеткен баспаналар мен мал-мүлікті тіркеуге кірісіпті. Ауыл халқымен кездескен астаналық шенеуніктер оларға келген шығын көлемі нақтыланған соң төленетінін айтты. Сондай-ақ, үкімет тасқыннан зардап шеккен қарағандылықтарға 1 миллиард теңге бөлмек. Бұл қаржы тұрғындарды құтқарып, алғашқы жәрдем беруге жұмсалады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Елбасы жақын арада жапа шеккендерге ақша бөлу туралы тапсырма берді. Қаржының көбі Қарағанды облысына беріледі. 1 млрд-тан астам қаржыны үкімет бөледі. Су кепкен соң, шығын көлемін есептейміз. Ешкім далада қалмайды.

Дегенмен, облыстық төтенше жағдай мамандары аймақтағы Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Абай аудандары әлі де тасқын құрсауында қалып отырғанын айтады. Наурыздың 25-нен бері 1 300-дей баспана судың ортасында қалған. Бүгінгі күні 500 астамынан су сорғызылған. Дей тұрғанмен, ірі-ұсақты жолдар мен көпірлерді су шайып кеткен.

Айжан Қуаш, тілші:

Топар су қоймасынан тасыған су Көксу кентіне баратын жолды шайып кетті. Тасқынның кесірінен 4 бірдей ауыл ары-бері қатынассыз қалды. Тұрғындар жақын маңдағы Абай, Топар қалаларына көшірілді.

Бұған қоса, тұрғындардың қауіпті ауылдарға баруына тыйым салынған. Ал ауыл халқы қараусыз қалған баспаналарына алаңдаулы.

Аманкелді Шотқа, Көксу ауылының тұрғыны:

Үшінші күн өте алмай тұрмын. Ұрлықшылар үйге түсіп жатыр дейді. 2 сағат болды тұрғаныма, әлі жібермей жатыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Қарағанды облысында тасқынның беті әзір қайтпайтынын айтты. Ендігі қауіп Нұра өзені басып өтетін солтүстік өңірлерге төніп тұр. Бұл маңдағы 10 шақты ауылды топан су аяқ-асты басып қалуы мүмкін.

Айжан ҚУАШ