Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың тұғырнамасы Қостанай, Шымкент пен Таразда насихатталды

AstanaTV
23.04.2015ж. 20:00
1454
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың тұғырнамасы Қостанай, Шымкент пен Таразда насихатталды

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Тараз қаласында болды. Үміткер сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарын түсіндіріп,  сайлаушылар тарапынан  қолдау табарына сенім білдірді. Оның экологиялық тұтастық пен өндірістік қауіпсіздікке негізделген тұғырнамасы Қостанай мен Шымкентте де насихатталды. Бүгін бұл өңірлерде кандидаттың сенімді өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды.  

«Бүгінде әлемде бірнеше ірі өзекті мәселелер бар, алайда экология тақырыбының орны бөлек». Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов тараздық  электоратпен кездесуін осындай оймен бастады. Экологиялық жағдайдың ауырлап бара жатқанын тілге тиек еткен ол, соңғы 40 жылда тұщы судың әр адамға шаққандағы көлемі 60 пайызға азайғанын, алға тартты.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, кісі шығыны экология салдарынан 25 пайызға көтерілген. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Және экологияның маңызды екенін көрсетіп отыр.

Ал Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың  сенімді өкілдері Қостанай мен Шымкентте агитациялық жұмыстарын жүргізуде. Оңтүстік Қазақстан облысында президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновтың 19 сенімді өкілі бар. Олар сайлау күні жақындаған сайын насихат жұмыстарының қыза түскенін айтады.

Ерғали  Қаржауов, ҚР Президенттігіне  кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Қазір Әбілғазы Құсайыновтың тұғырнамасы бойынша экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік, сол себепті қазір біз халықпен үгіт-насиахат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Үміткердің Қостанай өңіріндегі сенімді өкілдері де бас қосып, саяси науқан барысын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісуде. Үміткердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына Тобыл өңірі бойынша 30-ға жуық адам тартылған. Әр ауданда өз өкілдері бар. Олардың жұмысын реттеп отыру үшін, облыстық штабқа білікті мамандар шақырылған.

Берік Сандыбаев, ҚР Президенттігіне  кандидат Ә.Құсайыновтың облыстық штабы мүшесі:

2004 жылы елімізде ҚР техникалық реттеу туралы заңын қабылдаған болатын. Заңда өнім мен процестердің қауіпсіздігі туралы және көп деңгейлі стандарттар мен сертификаттар туралы ережелер анық жазылған. Бұл кісінің мақсаты - осы ережелердің ашық және дұрыс жүзеге асуына қол жеткізу.

Кандидат Құсайынов техникалық регламент талаптары қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалуы қажет деп есептейді. Сондықтан оның құрылыс жұмыстарын жүргізу мен өнеркәсіптік әзірлемелерді жасауда, біздің бай табиғатымыз зардап шекпеуі керек, деген ұстанымын үміткердің сенімді өкілдері халыққа кеңінен насихаттап жатыр. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА

Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық