Астанада «Сенің дауысың маңызды» атты автошеру өтті. Бұл акция «Қазақстан
2050» жалпыұлттық қозғалысы мен «Жас Отан» Жастар қанатының қолдауымен
ұйымдастырылды. Шараның мақсаты халықты Қазақстан Президентін сайлауда белсенді
болуға үндеу.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық акция бірқатар өңірлерінде
өткізілді. Мәселен, Тараз және Ақтөбе қалаларындағы шеруге тек елімізде
шығарылатын отандық көліктер қатыстырылған. Темір тұлпарлар мемлекеттік
тулармен безендіріліп, бас көшелермен жүріп
өтті. Шеру барысында тұрғындарды азаматтық борышын орындауға шақыратын үгіттеу
ұрандары айтылды. Елордалық шерудің бір ерекшелігі оған мотоциклшілер де
қатысты. Сондай-ақ, түрлі маркалы, қала көшелерінде сирек кездесетін спорт
көліктері де кездесіп жатты.
Қанат Әуесбай, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры:
Осы акция арқылы біз халықтың, оның ішінде жастарды 26 сәуірде ҚР
Президенті сайлауына қатысып, дауысын өзі қалаған кандидатына беруге шақырғымыз
келеді. Жастар дегеніміз біздің бүгінгіміз, әрі болашағымыз. Ендеше оларды біз
еліміздің дамуына қатысты мәселелерге қазірден араласуына ықпал етуіміз керек.
Демек, сайлауға қатысуға шақыру арқылы біз өскелең ұрпақты елдің болашағына
бей-жай қарамауға шақырамыз.
Жұрағат БАМАН