Ауған тәліптері жақын арада шабуыл бастайтындарын жариялады. Бұл жайында
«Әл-Арабия» агенттігі хабарлайды. Жыл сайын қайталанатын әскери шара биыл сәуірдің 24-не жоспарланған.
Содырлардың мәлімдеуінше, әскери операция шетел басқыншылары мен олардың әскери
базаларына, ішкі істер және қорғаныс министрілігіне қарсы бағытталмақ.
Сондай-ақ, тәліптер Ауған жерінен НАТО әскерінің кетуіне қатысты өз пікірлерін
жариялапты. «Олар қай жағынан мықтылығына қарамастан жеңіліс тауып, елдегі бар
әскери базаларды тастап, қашуға мәжбүр болды», - депті. Қазір Ауғанстанда
Құрама штаттардың он мыңға жуық жауынгері және НАТО елдерінің үш мың сарбазы
бар.
АҚШ жоспарына сәйкес, 2015 жылдың соңында аталған ислам мемлекетінде
Американың бес мың жауынгері қалмақ, ал 2016 жылдың аяғына қарай Ауғанстандағы
бүкіл шетел әскерлері өз елдеріне қайтарылады.
Абзал ҚҰРМАНКИН