Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов бүгін сайлауалды үгіт жұмыстарын қорытындылады

AstanaTV
24.04.2015ж. 20:00
1501
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов бүгін сайлауалды үгіт жұмыстарын қорытындылады

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов сайлауалды үгіт жұмыстарын тәмамдады. Үміткердің сенімді өкілдері бір ай бойы кандидаттың тұғырнамасын халыққа таныстырып, үгіт-насихат шараларын жүргізген болатын. Осы уақыт аралығында Өскемен, Атырау, Петропавл қалаларында үгіт шаралары белсенді жүргізілді. Өз жұмыстарын қорытындылаған сенімді өкілдер енді алдағы сайлауға дайындық үстінде.

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды штабында 22 сенімді өкілі бар. Бүгінге дейін олар үгіт-насихат шараларын белсенді жүргізіп, өңірдегі 19 аудан мен қалаларда кандидаттың 4 мыңға жуық плакатын іліп, үнпарақтарын таратты. Сондай-ақ, үгіт тобы түрлі-мекемелер мен кәсіпорындарда 20-ға жуық кездесу ұйымдастырып, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

Нәзигүл Ахметқалиева, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың ШҚО сайлауалды штабы жетекшісі:

Біз белсенді жұмыс істеп, үгіт-насихат шараларын ойдағыдай жүргіздік. Сайлаушылармен кездесу өткізіп, үміткердің бағдарламасын таныстырдық.

Құсайыновтың Солтүстік Қазақстан облысындағы штабында 18 сенімді өкіл жұмыс істейді. Бұл өңірде де кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын халыққа түсіндіру шаралары аяқталды. Бүгінге дейін штаб мүшелері облыс бойынша 3 мың парақша таратып, плакат, билбордтарды іліп шықты.

Ольга Клишина, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың СҚО сайлауалды штабы жетекшісі:

Негізгі жұмыстар аяқталды. Барлық үгіт парақтарын тараттық. Ендігі негізгі мақсат - алдағы сайлау күні барлық сенімді өкілдер сайлау учаскелеріне барып, науқан барысын қадағалайды.

Кандидаттың Атырау облысындағы сенімді өкілдері де барлық аудан-ауылдарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп шықты. Бүгінге дейін олар облыстағы 7 ауданның сайлаушыларымен түгелдей жүздесіп үлгерді.

Садыржан Жекенов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Атырау облыстық штабы жетекшісі:

Плакаттарымыз бүкіл Атырау облысында ілінді. Екі билбордымыз бар қаланың ішінде Сатпаев пен Құлманов көшесінде.

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайынов бүгін сайлауалды соңғы сапарын Жамбыл облысында қорытындылады. Үміткер өңірдегі облыстық Қан орталығында болып, өзінің сайлауалды тұғырнамасын насихаттады. Кандидат экологиялық және өндірістік қауіпсіздік мәселесін қозғады.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Дүние жүзінде жыл сайын 300 млн компьютер мен 1 млрд ұялы телефон шығарылады. Осыны ескерсек, бүгінгі күні бұлар электронды қалдықтарға айналады.

Үгіт жұмыстары барысында Құсайынов 11 аймақты аралап, 20-дан астам кездесулер өткізген. Ал үміткердің үш жүзге жуық сенімді өкілдері бір ай ішінде еліміздің негізгі қалаларында 36 билборд, бағдарлама бейнеленген 50 мыңға жуық үнқағаз және кандидаттың 10 мыңнан астам тұғырнамасын таратқан.

Жұрағат БАМАН