Қарағанды
облысында тасқын салдарынан апатты жағдайға түскен баспаналар сүріліп, орнына
мамырдан бастап жаңа үйлер салынатын болды. Ал құрылысқа қажетті қаржы
жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінеді. Құрылыс жұмыстарын жергілікті
16 фирма мойнына алып отыр.
Мүслім атай
мен Сәуле әжей баспаналарын қимағанымен, оны құрылысшылар әп-сәтте бұзып
тастады. Айтуларынша, бұл үйде олар 30 жыл тұрыпты.
Сәуле Хасенова, Ғ.Мұстафин
ауылының тұрғыны:
Қимайсың ғой енді.
Кішкентай немерелер жылап жүргенде, біз енді одан бетер жанымыз ауырады ғой.
Соңы жақсы болады деп ойлаймын.
Ғабиден Мұстафин
кентінде топан судың ортасында қалған 708 үйдің 150-ге жуығы апатты деп
танылған. Дегенмен, есепке алынбаған баспаналар әлі де көп.
Нұркен Көпжанов, Бұқар Жырау
ауданының әкімі:
Ол әлі нақты
айтылған үйлер емес. Әлі саны көбейеді. Ары қарай тексеру жүріп жатыр.
Айжан Қуаш, тілші:
Су басқан
үйлерді бұзу мамыр айының ортасында аяқталуы тиіс. Ал жаңа баспаналар сол
сүрілген үйлердің орнына салынады. Басшылардың сөзіне сенсек, ауылдықтар қоныс
тойын жаңа оқу жылында тойлайтын болады.
Жаңа баспаналарды
аймақтағы 16 құрылыс фирмасы салуды міндет етіп алған. Алайда, үй тұрғызуға
әзірге қаржы бөлінген жоқ. Қажетті қаражат жергілікті, сондай-ақ республикалық
бюджеттен босатылады деп жоспарланған.
Темірғали Дүйсенбаев, Қарағанды облыстық
құрылыс басқармасының бастығы:
Құрылыс
фирмалары үйлерді әзірге өз қаражаттарына салуға келісті. Кейін бюджеттен ақша
бөлінген соң, оларға төлеп береміз. Ал үйлердің жобаларын бұрынғы техникалық
төлқұжаттағыдай етіп жасаймыз. Тұрғындар өздері танысып, рұқсаттарын береді.
Облыс әкімінің
орынбасары Асылбек Дүйсебаев, баспанасыз қалғандардың банкке несие төлеу
мерзімі жарты жылға шегерілетінін мәлімдеді. Тасқын басталғалы 2 жүзден астам
тұрғын қарыздарын уақытылы төлей алмай, биліктен көмек сұраған.
Асылбек Дүйсебаев, Қарағанды облысы
әкімінің бірінші орынбасары:
Бүгінде 230
несиесі бар 180 адам бар. Олардың мәселесін банктер де біледі. Қарызды кейінге қалдыруға
қарсы емес.
Жергілікті
биліктің жоспарына сай, Қарағанды облысындағы су басқан 36 елді мекенде апатты
үйлердің барлығы алдағы уақытта бұзылады. Басшылар жапа шегушілердің ешқайсысы
далада қалмайды деп, уәде берді.
Айжан ҚУАШ