Әйгілі «Тамаша» ойын-сауық отауы қайта жаңғырып, көрерменін бұрынғыдан да қуанта
түспек. Дәл осы күндері қазақы қалжыңның қара шаңырағы - «Тамаша» кезекті
концертке дайындалып жатыр. Оның үстіне халықтың сүйікті сатира театрына әзіл
әлемінде ысылған, тәжірибелі өнер тарландары қайта оралды. Олармен бірге жастар
да «Тамашаның» сахнасына жаңа леп әкелмек. Айта кетейік, енді «Тамаша»
әзіл-оспақ театрының қойылымдары «Астана» телеарнасынан да тұрақты түрде
беріліп тұрмақшы.
Тамашада сатираның классиктері Мейірман
Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Уайыс Сұлтанғазин және Құдайберген Сұлтанбаевтар
салып кеткен жол әлі де сайрап жатыр. Халқымыз қашанда сөзге жүйрік, айтар ойын көркемдеп
жеткізудің шебері. Әзілдің де өткір әрі жарасымды шығуына назар аударады.
«Тамаша» ойын-сауық отауы осы қазақы қалжыңды ең бір ұшар биікке көтерген
ерекше ұжым ретінде тарихқа енді. Заман ағымына сай түрленгенімен, әзіл-оспақ
ошағының оты өшкен емес. Өнердегі бүгінгі ізбасарлар мұны жақсы түсінеді.
Жанатбек Бәйтеков,
«Тамаша» ойын-сауық отауының актері:
Бұл «Тамаша»
қазақ эстрадасының қара шаңырағы болған соң, оның басы-қасында болып, аяғынан
тік тұрып, тағы да бір жүріп кетуіне себепші болу.
Халыққа
танылған әзіл-оспақ шеберлері - Нұржан Тұтов, Жанатбек Бәйтеков, Сәбит
Әбдіхалықов және Ұлан Үсіпәлиев сияқты актерлердің интермедиялары енді «Тамаша» сахнасында
көрініс таппақ. Өнер сүйер қауымға риясыз күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй
ұсынатын жас таланттар да «Тамашаның» сахнасына көтерілмек.
Хамит
Ердехан, актер:
Шыны керек, қазіргі
көрермендердің ойлау қабілеті, динамикасы өте жоғары. Сондықтан да қазіргі
көрерменнің ойлау қабілетінен біз екі есе көп жұмыс жасауымыз керек.
Сатира
сахнасының қадірін бір кісідей білетін «Тамашаның» жаңа құрамынан бөлек, 30 сәуірде өтетін концертте Роза Рымбаева, Парвиз бен Ситора, Ералхан Әбішев,
Ақбота Керімбекова мен Жанар Дұғаловалар өнер көрсетеді.
Нұржан
Тұтов, «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері:
Кейбір
кісілер айтып жатыр. Тамаша екіге бөлініп кетіпті деп. Олай емес. «Тамашаның» аты «Тамаша». Ол «Тамаша» болып қалады. Сол себепті «Тамашаға» жаңа буын аткерлерді
шақырып, бұрынғы орындаушыларды шақырып. Қазір осындай бір жаңа тыныс, дем
беріп ерекше көңілді қонақтардың қатысуымен әдемі 30 сәуірде концерт бермекпіз.
Театрға
режиссерлік етуді пародист әрі әзілді монолог оқудың шебері Нұржан Тұтов қолға
алған. Әзілкештер қазір қызу дайындық үстінде. Бұл жаңа құрамдағы алғашқы
концерт болған соң, қобалжу да бар екенін, әртістер мойындайды. Бірақ патша
көңіл көрермен өнерпаздардың еңбегі бағалайды деп сенеді. Айта кетейік, енді
«Тамаша» ойын-сауық отауының концерттік бағдарламалары «Астана» телеарнасының
эфирінен тұрақты түрде көрсетіліп тұрмақ.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ