Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Алматыда спорт индустриясының бірінші ұлттық мамандырылған көрмесі ашылды

AstanaTV
24.04.2015ж. 20:00
1503
Алматыда спорт индустриясының бірінші ұлттық мамандырылған көрмесі ашылды

Алматыда тұңғыш рет спорт индустриясының ұлттық мамандырылған көрмесі ашылды. Спортқа арналған отандық өнімдер жұртшылық назарына ұсынылды. Мұнда тек тауарлар ғана емес, спорт ұйымдарынан бастап, спорттық ақпарат құралдары да өз жетістіктерімен бөлісуге мүмкіндік алды. 

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы - дүбірлі додаға емес, алып көрмеге есігін айқара ашты. Мұнда республикаға танымал қырыққа тарта спорт компаниялары мен ұйымдары бас қосты. Көрмеде балалар мен жастарға арналған секциялар, спорт кешендері мен фитнесс-клубтар, сондай-ақ спорт индустриясы саласындағы тауарлар мен қызметтер таныстырылды.

Лина Гарагуль, ұйымдастырушы:

Спортты бірлесе дамытуымыз қажет. Біз осы бағытта күш біріктіруге тиіспіз. Ал көрме тауар өндірушіден бастап, спорт ұйымдары үшін де - үлкен мүмкіндік. Көрмеге келушілер спорт тауарларын көріп қана қоймай, атақты спортшылармен кездесе алады. Қазақстандағы спорт индустриясының жетістіктеріне қанығады

Көрмеде отандық өнімге басымдық берілген. Өйткені келушілердің көбі Қазақстанда сапалы спорт тауарлары бар екенін біле бермейді. Елімізде қазір спорттық киімнен бастап, велосипед, түрлі құрылғыларға дейін шығарылады. Сапасы жағынан шетелдік өнімнен еш кем емес, - дейді отандық кәсіпкерлер.

Әділет Рахымбердиев,  қазақстандық спорт тауарын өңдіруші компания өкілі:

Әрбір қарапайым қазақстандық келіп, біздің тауарларымызды көріп, бағалап, олардың сапасы басқа шетелдік брэндтерден ешқай жері кем еместігіне көзі жеткізіп, киіп көруге болады. Және бағасы жағынанда қол жетімді, орташа бағалар.

Көрме аясында спорттық ұйымдардың өкілдері келушілерге кеңес берді. Негізінен ата-аналар баланы спорттың қай түріне баулыған абзал екенін сұрап жатты. Одан бөлек, көрмеге келген әр адам спорттық тауарлардың сапасын тексеріп көруге мүмкіндік алды. Бірі арнайы құрылғыда жүгіріп көрсе, енді бірі былғары қолғап киіп көрді.

Мен өзім Алматы марафонына жазылуға келгем. Өзім боксқа қатысам. Осыны көрейін дегем. Көрме ұнады, жақсы.

Спорт пропагандируется и развивается, и, я думаю, нужны такие выставки.

Көрме үш күнге жалғасады. Ұйымдастырушылар осы күндері келушілерге сыйлық ретінде чемпиондармен автограф-сессия өткізуді де ойластырып қойыпты.

Берік ХАСЕНОВ