$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Непалдағы жойқын жер сілкінісі салдарынан 4 мыңнан астам адам ажал құшты

AstanaTV
28.04.2015ж. 10:00
1978
Непалдағы жойқын жер сілкінісі салдарынан 4 мыңнан астам адам ажал құшты

Непалдағы жойқын  зілзаладан ажал құшқандар саны 4 мың адамнан асып кетті, деп жазады ТАСС. Бұл жөнінде елдің Ішкі істер министрлігі Twitter-дегі парақшасында хабарлаған. Гималайда магнитудасы 4,9-дан 6,9-ға дейінгі жер асты дүмпулері әлі де жалғасуда. Қазір жер сілкінісінің кіндігі Үндістанның Батыс Бенгалия штатына ауысты.

Алайда Непал тұрғындары әзірге бүтін қалған баспаналарына қайта оралуға үрейленіп отыр. Апаттан зардап шеккендерге ауқымды көмек көрсетілуде. Катмандуға әлемнің түкпір түкпірінен дәрі-дәрмек, азық-түлік, керек жарақтар үздіксіз жеткізіліп жатыр. Үндістан, Қытай, Израиль, Германия, АҚШ құтқарушылары мен ұшақтарын аттандырды. Еуропалық одақ 3, Канада 5 млн доллар қаржы бөлді. Баспанасыз тұрғындар босқындарға арналған лагерьлерде түнеп жүр. Жүздеген адамның денесі әлі де үйінділер астында. Оларды аршып алатын білікті мамандар тапшы.

Ал жауын-шашын маусымы таяп қалды. Осының салдарынан құтқару жұмыстары мен санитарлық эпидемиологиялық жағдай қиындап кетуі мүмкін.

Мөлдір ДЮСЕКИНА