Павлодар
облысы Ақсу қаласының әкімдігі, «қаладағы төтенше
жағдайға, «ҚазАвтоЖол» АҚ кінәлі», дейді. «Табиғи
апаттың орын алуына, «Астана-Өскемен»
бағытындағы тас жолды салған мердігер компанияның су ағар арықтар мәселесін
ескермегені себеп болды», - дейді
жергілікті билік. Соның салдарынан арнасынан асқан Ертістің суына жаңа жол
бөгет болып, қызыл су тура шаһарды беттеген. Ал ол су жыл сайын жайылымға
бағыт алатын, - дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арынов. Соңғы
ақпарға сәйкес, топан судан қаланың 67 жер үйі зардап шегіп, тағы оншақты баспанаға су кірген. Сондай-ақ, 20
саяжай мен құрылыс нысаны лай судың астында қалды.
Қаршыға
Арынов,
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:
Қала
әкімінің шешімімен Ақсуда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Осы шешім
негізінде біз жолды бұзу туралы шешім қабылдадық. Басқа амалымыз болмады.
Салдарынан мердігер компания «ҚазАвтоЖол» АҚ мен әкімдік арасында кикілжің
туындады. Егер іс сотқа жетсе, өз құқығымызды қорғауға дайынбыз.
Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сәйкес, Ақсу қаласындағы
жағдай қазір тұрақтанып келеді. Қазір үйлер мен аулалардағы суды сору жұмыстары
тоқтатылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 76
маманы мен 27 арнайы техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар, Ақсу қаласындағы
ұйымдар мен кәсіпорындардың елуге жуық қызметкері құтқарушыларға қол ұшын
беруде.
Абай
Темірбаев,
Павлодар облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары:
Біз әкімдікке тас жолда
орнатылмаған құбырларды салдыртуға кеңес бердік. Егер осылай қала берсе, келер
жылы да дәл осындай жағдайға тап боламыз. ТЖ қызметі оқиға орнына жетісімен
суды соруға кірісті. Бөгетті қаптармен көтердік. Бірақ оның еш көмегі болмады.
Су көтеріліп, ернеуінен шығып, тасыды. Қазірде оның деңгейі 30-35 см төмендеді.
Ал, негізгі арнадағы деңгей 15 см-ге түскен.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ