$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Елбасы ардагерлер мен әскерилерді марапаттады

AstanaTV
06.05.2015ж. 20:00
2956
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Елбасы ардагерлер мен әскерилерді марапаттады

Қазақстандағы әскери құрылымдар жиырмаға жуық генералмен толықты. Отан қорғаушылар күні қарсаңында бірқатар әскери қолбасшылар мен құқық қорғау органдарының жетекшілері жоғары әскери атақ пен шен алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлыққа қол қойып, әскерилерді марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бауыржан Момышұлының "Еліңді сүймей, ерлік істей алмайсың" деген сөзі бар. Сондықтан сіздерді патриоттар деп санаймын. Сіздер мінсіз қызмет етіп отырып, жас ұрпаққа отанды сүюдің үлгісін көрсетесіздер. Ел алдындағы бұл қызметтеріңізді мемлекет жоғары бағалайды. Қастерлі қас мереке қарсаңында бүгін дәстүр бойынша, сіздерге жоғарғы әскери шен мен атақ тапсырайын деп отырмын. Лайықтылар қатарында Қарулы Күштермен бірге құқық қорғау саласы, арнайы органдар өкілдері бар. Түптеп келгенде, бәрінің қызметінің негізі - ол елдің тыныштығын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бүгін генерал-майор әскери атағын жеті адам алды. Сондай-ақ, үшінші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі шені де жеті адамға табысталды. Ал Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы бес азаматқа бұйырды. Полиция генерал-лейтенанты деген арнайы атақ Марат Демеуовке берілді. Ал Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция генерал-полковнигі атағына ие болды. Авиация генерал-майоры әскери атағы Дәурен Қосановқа, генерал-лейтенант әскери атағы Олег Бижановқа табыс етілді.

Елбасы бүгін сондай-ақ республикамыздың түкпір-түкпірінен келген бір топ еңбек және соғыс ардагерлерін «Барыс», «Құрмет» ордендерімен марапаттады. Жоғары дәрежелі сыйға ие болған ардагерлер Нұрсұлтан Назарбаевты жуырда өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Қарт майдангерлер барша қауымды, отандастарымызды бейбіт болашаққа нық қадам жасауға шақырды. 


Шаңгерей Жәнібеков, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Мынау сайлаудың қорытындысымен құттықтап, еліміздің жеткен жетістіктеріне өзінің тілектерін білдіріп жатқанына мен шын жүрегіммен қосыламын. Бұл біздің ардагерлердің бәрінің осы жастарға қазіргі тілейтін тілегі. Өзінің қолынан келгенше, елінің алға қарай қадам басуына тырысатын түрі.

Өз кезегінде президент Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлерге жылы лебіздері үшін алғысын білдіріп, сұрапыл соғыста қасық қаны қалғанша ел үшін жан тәсілім еткен батырлардың ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі ұрпақ 70 жылдықты атап өтер алдында, Ұлы Жеңісті алып берген аға буынның алдында әр уақытта қарыздар. Мемлекет басшысы ретінде мен бүкіл ел атынан сіздерге алғыс айтамын, ардақты ардагерлер. Қазақ халқы әрдайым «Ер жігіт - елдің қорғаны» деп келген. Бүгінгі рәсім мемлекеттің сол саңылақтарға деген сый-құрметі болып табылады.


Жұрағат БАМАН