$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Еңбек ардагерлері отандастарын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауда

AstanaTV
06.05.2015ж. 20:00
Еңбек ардагерлері отандастарын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауда

Еңбек ардагерлері отандастарын Жеңіс күнімен құттықтауда. Олар бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін барша қазақстандықтардың есіне тағы салып өтті. Біздің арна тілшілері еңбек ардагері Григорий Шишовтың үйінде болып қайтқан еді. Қария еліміздегі азаматтарды келе жатқан Жеңіс мерекесімен құттықтап, бейбітшілік әрі ашық аспан тіледі. 

Григорий Шишов үшін Жеңіс күні жай ғана мереке емес. Қария бұл күні өткенді еске алып, майданда ел үшін жан тапсырған азаматтарға тағзым етеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы қайғы-қасірет әрбір ардагердің санасында ұмытылмас із қалдырғаны анық. Қан майданның тоқтағанына 70 жыл өтсе де, соғыс салған жара жазылар емес. «Әсіресе анам қатты қиналды. Мен ол кезде кішкентай едім. Туған екі ағам мен әкем майданға аттанған. 1942 жылы әкем, кейін бір жылдан соң ағамның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келді». Осылай деп сұрапыл жылдарды еске алған ардагер «енді ешқашан соғыс болмаса екен» дейді.

Григорий Шишов, еңбек ардагері:

Барлықтарыңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын. Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес Одағы мен Қазақстанға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Сол фашисттік зұлматқа қарсы тұра алған майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне қанша мадақ айтса да, артық емес.

Григорий Шишов соғыстан аман оралған ардагер ағасын телефон арқылы құттықтап тұрамын дейді. Ол бірнеше жыл бұрын Ресейге көшіп кеткен. «Ал менің отбасым, үрім-бұтақтарым осында, Қазақстанда. Тіпті қазақ туыстарым да бар. Сондықтан бұл жерден кеткім жоқ», - дейді қарт. Қай жақта тұрсақ та, қайда жүрсек те, аспанымыз ашық, бейбіт ғұмыр кешейік, деп тіледі ардагер.

Жұрағат БАМАН